Биыл елордада жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін алты азаматқа 1 655 660 теңге сыйақы берілді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті өткізген брифингте 2019 жылы сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған 9 адамға 1 590 750 теңге көлемінде сыйақы берілгені туралы айтылды.
«2020 жылы 4 адам жалпы сомасы 627 820 теңге сыйақы алды. Биыл 8 ай ішінде алты азаматқа жалпы сомасы 1 655 660 теңге көлемінде сыйақы берілді. Сыйақының ең аз мөлшері – 138 900 теңге болса, ең көп мөлшері 700 000 теңге болды», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елордалық департаментіндегі превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Марат Хайруллин.
ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған адам ақшалай ғана қолдау көрмейді, сонымен қатар мемлекеттің қорғауында болады. Ол адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып саналады.