×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстанның 20 азаматы Иракта заңсыз жұмыс істеген

10.04.2023, 16:06
Қазақстанның 20 азаматы Иракта заңсыз жұмыс істеген
көрнекі фото

Қазақстан елшілігі ұсталған отандастарымызды соттың қарауынсыз депортациялау туралы келісімге қол жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.

«Биыл наурыз айының соңында Ирак Республикасының құқық қорғау органдары заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін Қазақстанның 20 азаматын ұстады. Қазақстанның Иорданиядағы және Ирактағы елшілігі жергілікті органдармен сот қарауынсыз депортациялау туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Қазір ұсталған азаматтар айыппұл төлеп Иран аумағынан шығып кетті», - деді СІМ өкілі.

Оның айтуынша, жыл басында да осыған ұқсас оқиға болған.

«Биыл ақпанда Қазақстанның 7 азаматы Ирак Республикасының шетелдіктердің болуы туралы заңының нормаларын бұзғаны туралы, атап айтқанда, жасырын казинода заңсыз еңбек еткені үшін тергеуге тартылған болатын. Бізге мәлім болғандай, өткен жылдың қараша айында олардың 5-еуі ұсталып, сот қарауына дейін кепілмен босатылған. Осыған қарамастан жерлестеріміз Иракка қайта оралып, елдің заңнамасын қайтадан бұзды. Қазақстан елшілігі шұғыл көмек көрсетуді ұйымдастырған. Сондай-ақ, сот және прокуратурамен келіссөздер өткізілді», - дейді ол.

А.Смадияров жоғарыда аталған заңбұзушылық үшін Ирак заңнамасы бойынша бір жылға дейін бас бостандығынан айрылуы немесе 500 мыңнан 3 млн ирак динарына дейін айыппұл салынуы мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетсек, бұдан бұрын Инчхон әуежайынан Қазақстанның екі азаматы қашып шығып, олардың біреуі ұсталғаны  хабарланған болатын. Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, Инчхон әуежайынан Қазақстанның екі азаматы қашып, қалаға кірмек болған. Олардың бірінің есімі Нұрсұлтан Ырысбаев, ал екіншісі Умижан Нарзуллаев екені айтылады. Кейін Умижан Нарзуллаев (2002 жылғы) Тэджон қаласында ұсталғаны хабарланған. Теджон халық аралық полициясы қашқынды GS25 дүкенінде телефонын қуаттап отырған жерінен қамауға алған.

Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореяға кіруге тыйым салынғанына қарамастан аталған елге заңсыз кіріп кеткен отандасымызға іздеу жарияланғанын мәлім етті.

Оңтүстік Корея билігі іздеудегі қазақстандықты ұстап берген адамға 10 млн теңге сыйақы берілетінін жариялаған.

29 наурызда Нұрсұлтан Ырысбаевтың полицияға өз еркімен берілгені белгілі болды.