Астанаға келіп биліктен жұмыс талап еткен жаңаөзендіктердің басым бөлігі «үкіметтен бір тәулік өтсе де ешкім хабарласпады, егер үкімет мәселемізді шешпесе Астанаға қайта баруға дайынбыз» деп жолда видеомәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«12 сәуірден бері бір тәулік бойы жолдамыз, Астанада қалған өкілдеріміз бен үкіметтен еш хабар болмаған соң біз, жұмыссыздар, Астанаға қайта баруға дайынбыз. 14 сәуірде Маңғыстау облысына жетеміз, сол уақытқа дейін шешім қабылданбаса қайта Астанаға баруға дайынбыз. Сондықтан талабымыз орындалсын», - дейді мәлімдемені оқып тұрған мұнайшы.
10 сәуірде 80-нен аса мұнайшы Жаңаөзеннен Астанаға келіп, үкіметтен тұрақты жұмыс тауып беруді талап еткен. Олар энергетика министрлігі алдында түнеп, мәселеміз шешілмейінше тарамаймыз деген.
11 сәуір кешкісін арнайы жасақ министрлік алдындағы мұнайшылардың бәрін күштеп ұстап алып кеткен.
12 сәуірде таң ата мұнайшылардың басым бөлігін Астанадан Жаңаөзенге қайтарған.
«ҚазМұнайГазбен» келіссөз жүргізу үшін он мұнайшы Астанада қалған еді.