Бұл туралы Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сенатта әскери қызметшілердің денсаулығына қатысты мәселені талқылау кезінде Бас әскери прокуратура өкілі 2020 жылдан бастап елімізде 270 әскери қызметші қайтыс болғанын жеткізді.
«2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, 2023 жылы – 11 әскери қызметші қайтыс болды. Өлім жағдайларының ең көп тараған себептеріне тоқталсақ, ауырып қайтыс болу – 36%, көлік апатының салдары – 24%, суицид – 20%. Алайда өз-өзіне қол салу жағдайы бәрімізді алаңдатып отыр. Суицид профилактикасын талдау нәтижесі әскеріміздің қоғамның бір бөлігі ретінде жағымсыз жағдайға тәуекелі барын көрсетті», - деді М. Қазиев.
Оның айтуынша, халық арасындағы суицид деңгейі бойынша Қазақстан әлем елдері арасында 20-орында, ал жасөспірімдер арасында тіпті үштікке енеді.
«Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2018-2022 жылдары елде 17 631 суицид және 21 332 өзіне қол салуға оқталу жағдайы тіркелген, яғни 10 000 азаматқа шаққанда 9 суицид және 11 өз-өзіне қол салуға талпыну әрекеті тіркеліп отыр. Олардың арасында 86 суицид және өзіне қол салуға оқталудың 20 дерегі әскерде болған. Яғни 10 мың әскери қызметшіге шаққанда 6 суицид және 1 өз-өзіне қол салуға оқталу әрекетінен келеді. Демек, қоғамдағы өз-өзіне қол салу көбінесе әскерде болады деген пікір ресми мәліметтермен расталмай отыр», - деді Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары.