×
$
454.46
527.72
5.25
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
454.46
527.72
5.25

Көкжайлаудағы даулы жобаға Қазақстанның даму банкінен несие алынуы мүмкін

Бүгін, 14:19
Көкжайлаудағы даулы жобаға Қазақстанның даму банкінен несие алынуы мүмкін
ЖИ/ Ulysmedia

Алматыдағы Көкжайлау шатқалында жоспарланып отырған Almaty SuperSki тау шаңғысы курорты Қазақстанның даму банкінен (ҚДБ) алынатын несие есебінен салынуы мүмкін. Халық арасында "бай-бағландардың банкі" аталып кеткен ҚДБ-ға жоба авторлары қаржы сұрап жүгінуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Несие сомасы әзірге белгісіз

Бұл туралы редакцияға Kazakh Tourism Development компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді. Компания жобаға қаржы тарту үшін ҚДБ-ға несие алуға өтініш бермек. Алайда қаржы көлемі мен өтініш берілетін мерзім әзірге белгісіз.

— Қандай сома туралы сөз болып отырғанын әзірше айта алмаймыз, себебі жобаның өзі әлі түзетіліп жатыр, — делінген хабарламада.

«Бұл мәселеге қатты қанық емеспін»

Ulysmedia.kz тілшісі ҚДБ-ның ұстанымын біліп, мемлекеттік банктің таза коммерциялық жобаны қаржыландыруы қаншалықты орынды екенін сұрады.

ҚДБ басқарма төрағасы Марат Елібаев әзірге бұл мәселе бойынша өзінің де, банктің де нақты ұстанымы жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, банкке несие алуға қатысты өтініш әлі түспеген.

— Бұл мәселеге түсінік бере алмаймын, өйткені Қазақстанның даму банкі бұл жобаға қатысып отырған жоқ. Біз оны қаржыландыру туралы шешім қабылдаған жоқпыз. Сондықтан бұл мәселені түсіндіру қиын. Өзім де бұл мәселеге қатты қанық емеспін, — деді ол.

Журналист Kazakh Tourism Development компаниясы ҚДБ-ға бәрібір жүгінсе, банктің ұстанымы қандай болатынын сұрады.

— Онда қарастырайық. Әзірше бірдеңе айту қиын, — деп жауап берді Елибаев.

Жоба туралы не белгілі

Almaty SuperSki — Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы Көкжайлау шатқалында салынуы жоспарланған жыл бойы жұмыс істейтін ауқымды тау шаңғысы курорты.

Жоба аясында шамамен 60-65 шақырым тау шаңғысы жолын, 16-17 аспалы жолды және бірнеше қонақүй салу көзделген.

Жобаны ұлттық холдинг «Бәйтерек» құрамындағы Qazaqstan Investment Corporation компаниясының еншілес ұйымы — мемлекеттік Kazakh Tourism Development жүзеге асырады. Жобалау жұмыстарын Андорраның Pas Grau International компаниясы жүргізіп жатыр.

Жоба экологтар мен азаматтық белсенділер тарапынан сынға ұшырап келеді. Олар курорт құрылысы ұлттық парктің экожүйесіне зиян келтіруі мүмкін деп алаңдайды. Сондай-ақ белсенділер 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Көкжайлауда курорт салудың бұрынғы нұсқасына қарсылық білдіріп, мұндай нысанға қажеттілік жоқ екенін айтқанын еске салды.

2026 жылдың жазында Алматы тұрғындары Көкжайлау аумағында ағаштардың кесіліп жатқанын көрсететін кадрларды жариялады. Қоғам белсенділері БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке де видеоүндеу жолдады.

Ал тамыз айының соңында Көкжайлаудың құрылысқа берілуіне қарсылық білдіріп жүрген эколог-белсенді Аруна Ортай 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.