Конституциялық Сот «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 14-бабы 1-1-тармағы 3) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Конституциялық Сотқа азамат С.В. Наумцевтің БАҚ туралы заңның 14-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасын Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 2-тармағына және 18-бабының 1-тармағына сәйкес келмейді деп тану туралы өтініші түсті, оған сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдерін дайындау, жариялау, қайталап көрсету және тарату кезінде бұқаралық ақпарат құралдарына, егер бейнеленетін адамды пайдалану конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында жүзеге асырылатын болса, бейнеленетін адамның келісімі талап етілмейді.
Өтініш авторының пікірінше, даулы норма оның республиканың бүкіл аумағында жоғары заңды күші бар Конституцияда бекітілген жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылық құқығын бұзады.
Конституциялық Сот «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасын Конституцияның 4-бабының 2-тармағына және 18-бабының 1-тармағына сәйкес келеді деп қаулы етті.
“Қазақстан Республикасында азаматтың өзінің бейнесін қорғау құқығы мемлекеттің қорғауында. Азаматтың бейнесін қорғау тек конституциялық нормалармен ғана емес, азаматтық заңнамамен де реттеледі. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 145-бабына сәйкес азаматтың бейнесін жариялау және одан кейін пайдалану алдында оның келісімін алу талап етіледі. Сондай-ақ «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7 және 15-баптарының ережелерін ескеру қажет, олар дербес деректерді пайдалануға олардың меншік иесінің келісімі болған кезде ғана жол берілетінін белгілейді. Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында қажет болған шамада ғана заңдармен шектелуі мүмкін”, – деп жазды ведомстводан.
Заңның бейнені бұқаралық ақпарат құралдарында бейнеленетін адамның келісімінсіз жариялау мүмкіндігі туралы ережесі осы адамның жеке өмірге қол сұғылмау, өзінің және отбасының құпиясы болу құқығын шектейді. Бірақ мұндай шектеуге Конституцияның 39-бабының 1-тармағында көзделген шарттар сақталған кезде жол беріледі. Конституциялық Кеңестің осыған дейін айтқан ұстанымына сәйкес конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау құқықтар мен бостандықтардың шектелуіне, егер мұндай шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болса және әділдік талаптарына сай келсе, пропорционал, мөлшерлес және конституциялық маңызы бар құндылықтарды қорғау үшін демократиялық мемлекетте қажет болып табылса, себеп бола алады (2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулысы).
БАҚ туралы заңның 14-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасында көзделген ерекшеліктердің (шектеулердің) мақсаттары Конституцияның 39-бабының 1-тармағында көзделген шектеулердің нысаналы мақсаттарына дәлме-дәл сәйкес келеді, бұл қаралып отырған жағдайда адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеуге конституциялық көзқарастың сақталғанын куәландырады.