Биылғы жылдың алғашқы 3 айында прокуратура органдарына азаматтар мен заңды тұлғалардан 65 мыңнан астам арыз келіп түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бас прокуратура мәліметінше, оларды қарау нәтижелері бойынша 8,5 мыңға жуық арыз иелерінің құқықтары қорғалып, 1,5 мыңға жуық прокурорлық қадағалау және ден қою актілері енгізілген.
“Олардың басым бөлігі сотқа дейінгі іс жүргізудің заңдылығы мәселелеріне – 39% (25,2 мың), әлеуметтік-экономикалық салаға – 20% (12,8 мың), қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілеріне – 8% (5,3 мың) байланысты болды. Прокурорлар жеке қабылдауда 11,5 мыңнан астам азаматты қабылдады, оның ішінде 8,5 мыңнан астамын прокуратура органдарының басшылығы қабылдады.Қанағаттандырылған арыздардың ең көп саны немесе 47% (4 мыңнан астам) сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының актілері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдардан тұрады”, – делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, құзырлы орган прокураторлардың құзыретіне кірмейтін шағымдар жөнінде түсініктеме берді.
“Көбінесе азаматтар жер мәселелері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, еңбек заңнамасы саласы, сот шешімдерін орындамау, екінші деңгейдегі банктер алдындағы кредиттік міндеттемелерді орындау, денсаулық сақтау, білім сапасы бойынша шағымданады, оларды қарау прокуратура органдарының құзыретіне кірмейді. Сол себепті, ондай шағымдар құзыреті бойынша қарау үшін басқа органдар мен ведомстволарға қайта жіберіледі. Прокурордың дауға араласуын болдырмайтын нақты уәкілетті органдардың жолданымдарды қарау қажеттілігі қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокуратура органдарының өзге де мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмауын көздейтін «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 5-бабы 4-тармағының талаптарына байланысты”, – деп түсіндірді Бас прокуратура.