Бұл туралы бүгін Хиросимадағы кездесуін аяқтап жатқан әлемнің ең дамыған елдері басшыларының бірлескен мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Хиросимадағы саммит қорытындысы бойынша G7 елдерінің бірлескен мәлімдемесі Ақ үйдің сайтында жарияланды.
«Біз Орталық Азия елдерімен әртүрлі өңірлік мәселелерді, соның ішінде Ресейдің агрессивті соғысының салдарын, Ауғанстандағы жағдайдың тұрақсыздық әсерін, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті, терроризмді және климаттың өзгеруін шешу үшін өзара іс-қимылымызды қуаттаймыз. Біз сауда-энергетикалық байланыстарды, тұрақты коммуникациялар мен көлікті, соның ішінде Орта дәлізді (TMTR) және аймақтық өркендеу мен тұрақтылықты арттыруға байланысты жобаларды дамытуға бел будық», - делінген құжатта.
Еске салайық, Орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік жолы Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы және одан әрі Еуропаға өтеді.
Бірлескен мәлімдемедегі арнайы бөлім Украинаға көмек көрсетуге арналған. Сондай-ақ құжатта азық-түлік және энергетика, терроризм, климаттың өзгеруі саласындағы проблемалар да қозғалады.
Еске сала кетейік, сәуір айының соңында Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Астанаға келген болатын. Ол Украинадағы соғысқа байланысты Қазақстан мен басқа елдер қандай жағдайда екінші реттік санкцияларға ұшырауы мүмкін екенін айтты.