2022 жылдың қорытындысы бойынша елде АИТВ-мен өмір сүретін 30 558 адам тұрады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Былтыр 3 877 жаңа жағдай тіркелді. Бұл ретте еркектер (67,2%) әйелдерге (32,8%) қарағанда 2 есе көп анықталды. 82%-ы 18-49 жас аралығындағы еңбекке қабілетті халыққа тиесілі. Жыныстық жолмен берілу басым. Ол 75%-ды құрайды. Одан кейін инъекциялық жолмен беріледі. Оның көлемі -20%», - деді Ажар Ғиният.
Министрдің дерегінше, соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанда адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) инфекциясымен сырқаттанушылық 2 есеге артты.
Инфекцияны жұқтыру көрсеткіші елдің 7 облысында орташа деңгейден жоғары.
«Қазақстанда АИТВ инфекциясы тұрақты 0,3% сатысында сақталуда және ол еліміздің барлық өңірлерінде тіркелген. Айта кету керек, әлемдік орташа көрсеткіш – 0,7%. Мәселен, 7 облыста - Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары мен Астана және Алматы қалаларда сырқаттанушылық ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. Ал, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан(СПИД) болатын өлім-жітім 6 облыста орташа республикалық көрсеткіштен жоғары. Ол облыстар –Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 4 есе артық», - деді министр.