Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бүгін Риддердегі жалғыз қазақ мектебінің мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қазақ мектебі ретінде ашылуы тиіс ғимараттың құжатын Риддер білім басқармасының басшысы Дәулет Ілиясов әдейі жоғалтып жіберген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қай жерде болса да қазақ мектептері қағажу көріп жатады. Риддердегі қазақ ата-аналарының атынан 19 адам арыз жазды», - дейді депутат.
Қазыбек Исаның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі Риддерде қазақ мектебі ашылатынын хабарлаған. Осыны естіген ата-аналар қуанғаннан «жылап жатыр» дейді депутат.
Мәжілісменнің сөзінше, 2008 жылы қалада қазақ мектебін салуға жер бөлінген. Мектеп тек бертін салынған. Алайда қазақ мектебі болады деп күтіп жүрген ғимарат 2022 жылы аяқ астынан аралас мектеп болып ашылған.
Қазыбек Исаның айтуынша, Риддерде қазақ мектебі ретінде ашылғалы тұрған ғимараттың «құжатын Риддер білім беру бөлімінің басшысы Дәулет Ілиясов әдейі жоғалтып жіберген». Депутат енді Тоқаевтың тапсырмасымен ашылатын 400 мектептің ішінде қазақ мектептерінің мүддесі сырт қалмаса екен деп үміттенеді.
Еске сала кетсек бұған дейін Азаттық тілшіс Риддердегі қаласындағы Шаңырақ мектебінің мәселесін көтерген еді. «Шаңырақ» – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы 16 мектептің ішінде жалғыз қазақ мектебі. Оқушылар бөлек-бөлек орналасқан ескі екі ғимаратта оқиды. Екі ғимараттың да ескіргені сырт көзге бірден байқалады. Ағаш терезелердің жақтауы қопарылып, көгеріп, астыңғы жағы дым тартып кеткен. Қызметкерлер мен ата-аналар ескі ғимараттардың төбесі опырылып түсе ме деп қауіптенеді. Ал облыстық білім басқармасы "Шаңыраққа" жаңа ғимарат салынбайтынын айтады.