Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі өткен аптада өзгеріссіз қалды, ал жылдық мәнде 9,6% өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 13 маусымдағы жағдай бойынша, әлеуметтік маңызы бар кейбір тауарлардың елдегі орташа бағасы: күріш – бір келісі үшін 431 теңге, макарон өнімі – келісі үшін 314 теңге, қырыққабат – келісі үшін 138 теңге.
Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 атау кіреді. Баға өзгерісі туралы көрсеткіштер апта сайын жаңарып отырады. Бағаның өзгеруі туралы ақпарат барлық облыс орталығынан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан жиналады. Ол үшін елді мекеннің әртүрлі бөліктерінде орналасқан тауарлардың кең ассортименті бар әртүрлі типтегі сауда объектілері (гипермаркеттер, супермаркеттер, дүкендер, коммуналдық базарлар, әлеуметтік дүкендер мен павильондар) таңдалады.
Айта кетейік, 19 сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев елімізде инфляция соңғы 15 жылда болмаған деңгейге жеткенін айтып, үкімет мүшелерінің бағаны ұстап тұруға бағытталған қадамдарынан еш нәтиже жоғын мәлімдеді.
“Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады”, – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, жуырда Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев халықтың орташа табысы мен қымбатшылық жайлы ресми статистика шындыққа сай келмейтінін айтты.