Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин еліміз арқылы Ресейге өтіп жатқан санкциялық тауарларды бақылауға алу мәселесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Арнайы жұмыс тобы құрылды. Осы жағдайға байланысты. Жұмысты қазір атқарып жатырмыз. Үкімет органдарының өкілдері, сарапшылары кірді. Ешқандай проблема жоқ деп есептеймін. Себебі санкциялар басында олар бізге 7 мың тауар түрін берді. Жалпы тауар айналымы. Біз олармен сөйлескенде «мұның бәрін жабу, бақылау қою мүмкін емес» деп айттық. Себебі еркіндік қағидалары бар», - деді Серік Жұманғарин Азаттық тілшісі қойған сұраққа.
Серк Жұманғарин америкалық дипломат Дэниел Розенблюм, АҚШ сауда министрінің көмекшісі Мэттью Аксельрод, Еуроодақ арнайы елшісі Дэвид О`Салливанмен кездескенде осы мәселелер талқыланғанын айтады.
«Санциялар бойынша сөйлескенде тізімді бізге қысқартты. Қазір 18 код бар. Жалпы есептегенде 104 тауар түрі бар. Олармен қазір арнайы жұмысты жүргізіп жатырмыз. Жаңа «накладной» енгіздік. Қазір экспорт-импорт алдында тауар тізімі бойынша біздің салық комитетіне компаниялар электронды накладной жіберу керек. Не тасымалдап жатқанын білу үшін. Форматтық логистикалық бақылау бар. Қандай компания қашан ашылғанын тексереміз», - дейді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Азаттық тілшілері «Қазақстан мен Қырғызстанда тіркелген компаниялар Кремльдің әскери өндірісіне қатысы бар кәсіпорындарға санкцияға ілінген, екі мақсатта қолданылатын технологиялар экспорттап жатқаны» жөнінде зерттеу жариялаған еді. Басылым Ресей санкцияға ілінбеген үшінші мемлекеттерді, оның ішінде Қазақстан мен Қырғызстанды пайдаланып, Батыс технологияларына қол жеткізіп отырғанын жазады. Азаттықтың Қазақ және Қырғыз қызметтері Украин қызметінің “Схемы” зерттеу тобымен бірлесе отырып екі мақсатта пайдаланылатын тауар саудасына қатысты компаниялардың кеден, сауда және корпоративтік жазбаларын қарап, Украина барлау қызметінің ресейлік қару-жарақтардан табылған, Батыста өндірілген электроника туралы деректерін талдап шыққан.