Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев Азия Олимпиадалық кеңесінің 2023-2026 жылдарға арналған вице-президенті болып тағы да бірауыздан қайта сайланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев 2023-2026 жылдарға арналған АОК вице-президенті қызметіне қайта сайланды.
Айта кетейік, Тимур Құлыбаев 2015 жылдан бері АОК басқарып келеді, 2019 жылы оны әріптестері қайта сайлаған болатын. Ол сондай-ақ Ұлттық олимпиадалық комитеттер қауымдастығының (ANOC) вице-президенті және ХОК Олимпизм 365 комиссиясының мүшесі.
Азия Олимпиадалық Кеңесі – қазіргі уақытта 45 мемлекетті біріктіретін Азиядағы олимпиадалық қозғалыстың басқарушы органы – Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мойындаған Ұлттық Олимпиадалық комитеттердің бес құрлықтық қауымдастығының бірі. Ұйым өзіне мүше елдердегі олимпиадалық қозғалысты үйлестіреді және басқарады, тұрақты түрде жазғы және қысқы Азия ойындарын, жағажай спорты ойындарын және жабық ғимараттағы ойындарды өткізеді.
Қазақстандық Forbes журналының мәліметінше,Тимур Құлыбаевтың әйелі Назарбаевтың ортаншы қызы Динарамен бірге Almeks холдингіне иелік етеді, ол арқылы олар Халық банкін басқарады және Altyn Bank-тің 40 пайыздық үлесіне ие. 2022 жылы Forbes мәліметтері бойынша Құлыбаевтардың байлығы 7,6 миллиард долларға жеткен.
Құлыбаев «Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені – 2022» рейтингінде бірінші орында тұр. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар «Қазақстанның ең бай 50 кәсіпкері – 2022» тізімінде екінші орынды бөліседі.