Қазнет ақын, дінтанушы Мұхамеджан Тазабектің бет-әлпетіндегі өзгерістерді қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның жаңа суреттерін мұрағаттағы фотоларымен салыстырған желі қолданушылары пластикалық ота жасатып, көзін үлкейткен деген болжам жасап үлгерді.
“Блефаропластика?”, “Көзін үлкейткен бе?”, “Түріңіз суық болып қалыпты, не істегенсіз?”, “Көзіңіз шынымен біртүрлі көрініп қалыпты”, “Қабақ жасатқансыз ба?”, – деп жарыса жазды жұрт.
Мұхамеджан Тазабек көзіне ота жасатқанын мойындады, бірақ айтуынша, сұлулық отасы емес.
“Біраз оқырманым “Қабақ жасаттыңыз ба? Блефаропластика ма?” деп сұрап жатыр. Жоқ көзімнің жарығына (грыжасына) ота жасаттым. Содан көзім тартылып, ашылыңқырап тұр. Қабақ тарту немесе басқа да эстетикалық ота емес. Уақыт өте келе көздің көруіне әсер ететін дүние. Әр нәрсенің алдын алған дұрыс деп ойлаймын”, – дейді ол.
Ғаламтордағы ашық мәліметтерге сүйенсек, қабақ жарығы (грыжа век) көбіне жасы ұлғайған адамдарда пайда болады. Жастық шақта көздің периорбитальды аймағында майлы тін болады, терінің тығыздығы мен серпімділігіне байланысты жарық пайда болмайды. Қартайған сайын терідегі коллаген мен эластин мөлшері азаяды, ол жұқарады, созылуға бейім болады.Салдарынан қабақ жарығы пайда болады. Пластикалық медицинада оны алып тастаудың бірнеше әдісі қолданылады екен.
Мұхамеджан Тазабек кім?
Мұхамеджан Тазабек – белгілі қоғам қайраткері және алты жылға сотталған экс-президенттің інісі Қайрат Сатыбалдының жақын досы. Жуырда ғана оның Түркия президентінің ұлымен кездесуі қызу талқыланған еді.
Өткен жылы Ulysmedia.kz редакциясы Қайрат Сатыбалды, Мұхамеджан Тазабек және Бекболат Тілеуханның көзқарастары мен нанымдары, оның ішінде діни сенімдері жағынан дос екені жайлы жазған болатын. Әсіресе, қаңтар оқиғасынан кейін олардың қарым-қатынастары көп талқыланды. Әсіресе, олардың сын сағатта елді тастап, шетел асуы көпшіліктің ашуын туғызды.
Мәселе, белгілі ақын Светқали Нұржан басылымдарыдң біріне берген сұхбатында:
“Өздеріне тықыр таянған соң қашып кетіп отыр. Әрине, олардан қауіп бар. Оларды қолдап отырған осы жақта миллионнан астам жазылушылары бар. Соның бәрі - ақиып кеткен «ақилары». Шара қолдану керек. Мемлекеттің ақшасымен Ізбаев бүкіл институтты басқарып отыр. Қоғамға «умеренный уахабизмді» кіргізіп елдің басын айналдырып болды. Үндемей, көз жұмып отыратын уақыт кетті ғой. Қаңтар қасіреті достың кім екенін, дұшпанның кім екенін көрсетті. Оған қарсы күрес жүргізбесек, олардың шетелден келіп жатқан ақшасын тамырымен қырықпасақ, онда өз тамырымызды өзіміз қырқамыз”, – деген еді.
Мұхамеджан Тазабектің желіде қызу талқыланған даулы мәлімдемелері көп. Мәселен, қыздардың киім киісін сынға алған мына сөзін қолдағандар көп бола қойған жоқ:
"Қазіргі таңда қыз-келіншектердің ашық-шашық киінуі күн сайын көз көріп жүрген қалыпты жағдайға айналды. Ал сол жалаңаштанудың "өз иесімен" қоса, айналасындағыларға аса қауіпті екенін білеміз бе? "Әйелдердің "барын" көрсетіп жүруі - ер адамдардың құмарлығын оятып, "жыныстық стресс" туындатады, соның әсерінен ауыр ішкіоргандық "жыныстық кері қайту" комплексі іске қосылады, ал ол - импотенция мен рак ауруларына алып барады" дейді дәрігерлер. Қазіргі таңда аденома мен простата рагына шалдыққан ерлердің саны күн сайын артуда (әлем бойынша ер адамдардың 40 пайызы осы ауруға шалдыққан).
Бұл – ақынның пойызда зорланған қыздың оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірген уақытта айтқан сөзі. Сол үшін жұрт оның пікірін сынға алып, келтірген деректері шындыққа жанаспайтынын айтты.