Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі Астанада соққыға жығылған қырғызстандықпен байланысты жағдайды бақылауға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Кабар агенттігіне сілтеме жасап.
Қырғызстандық БАҚ-тың хабарлауынша, оқиға 18 маусым күні Астанадағы «MEGA Silk Way» сауда ойын-сауық орталығында болған. Онда Қазақстан мен Қырғызстан азаматының арасында жанжал туындаған. Оның барысында Қырғызстан азаматына физикалық күш қолданылған.
«2023 жылғы 13 шілдеде жәбірленуші К.А. Қазақстандағы Қырғыз Республикасының Елшілігіне шақырылды. Елші Д.Дюшекеевпен кездесу барысында Қырғызстан азаматына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілді.
Бүгінгі таңда осы оқиға бойынша Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары барлық қажетті процестік әрекеттерді жүзеге асыруда. Бұл мәселе министрліктің бақылауында», - делінген хабарламада.
Еске салайық, әлемнің экс-чемпионы Бейбіт Шүменовтің сауда орталығында балалы ер адамды соққыға жыққаны туралы қауесет 11 шілдеде тарады. 12 шілдеде ақпарат ресми түрде расталды.
"Иә, растаймыз, тергеу басталды. Іс "Бұзақылық” бабы бойынша қозғалды. Қылмыстың ауырлық деңгейін сараптама көрсетеді", - деп жауап берді ІІМ өкілі.
Басы дауға қалған боксшы бұдан бұрын төбелеске қатысты өз нұсқасын айтқан болатын. Оның айтуынша, ол баласын қорғау мақсатында жәбірленушіге жұдырық сілтеген.
Бұдан бұрын соққыға жығылған ер адамның Қырғызстан азаматы екені белгілі болды.