×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Желге ұшқан ақша: сот екібастұздықтарды аязда жылусыз қалдырғандардың ісін қарап жатыр

14.07.2023, 18:02
Желге ұшқан ақша: сот екібастұздықтарды аязда жылусыз қалдырғандардың ісін қарап жатыр

Екібастұзда ЖЭО-дағы апатқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

"Коммерциялық ұйымдағы міндеттерге жосықсыз қарау" – бүгін айыпталушыларға ҚР ҚК бабы бойынша дәл осындай айып тағылды. Айыпталушылар орындығында  "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС,"ЭТЭЦ" ЖШС, "Екібастұз жылу желілері" ЖШС басшылары – Павел Мельничук, Виктор Вебер және Евгений Горварт отыр. Бардық айыптау материалдарын оқуға прокурорлардың бірнеше сағат уақыты кетті. Олар екібастұздықтарды аяз кезінде жылусыз қалдырған ауқымды апатқа алып келген оқиғалардың хронологиясын айтып берді.

- Мельничук Екібастұз қаласында бола отырып, "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС Бас директорының міндеттерін орындай отырып, 2022-2023 жылғы жылыту маусымына дайындық бөлігінде ЖЭО жабдығының, ғимараттары мен құрылыстарының, сондай-ақ магистральдық, орамішілік жылу желілерінің тозуын, техникалық жай-күйін біле тұра, жылыту кезеңіне дайындықты ұйымдастыруды қамтамасыз етпеді, бұл 2022 жылғы 26 қарашадан 27 қарашаға қараған түні апатқа әкеліп соқты, - деді мемлекеттік айыптаушы.

Атап айтқанда, қаланың көмір өндірушілері мен энергетиктерінің жылу шаруашылығы 10 жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмегені айтылды. Прокурордың айтуынша, 2022 жылдың қыркүйек айының басынан қараша айының соңына дейін магистральдық және орамішілік жылу желілері мен станцияларда көптеген зақымдар, бірінші және екінші дәрежелі ақаулар болған.

Мемлекеттік айыптаудың деректері бойынша, Мельничук "Спектр" ҒӨО" ЖШС-нің бұзушылықтарды жасыру мақсатында нақты сараптамалық зерттеусіз тек ұсынылған құжаттар негізінде сараптамалық қорытынды беретініне сенімді болып, жабдықтың жылу беру маусымына дайын емесін біле тұра, ауыр зардаптардың болмайтынын болжап, жұмысқа дайындық актілеріне қол қойған.

Сонымен қатар, прокурор атап өткендей, "Спектр" ҒӨО " ЖШС Екібастұз ЖЭО сараптамасын жүргізуге құқылы емес, өйткені оның бірінші санаттағы рұқсаты жоқ.

- ЖЭО-да, магистральдық және ішкі желілерде жеткілікті жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ, 2022 жылы желілердегі тозу деңгейі 87%-дан асып жығылды. Мұны сот сараптамасы растады, оның барысында құбырлардың сынықтары зерттелді, кейбір жерлерде қабыршақтар, тот, сызаттар мен перфорация ошақтары бар, – деп жалғастырды мемлекеттік айыптаушы.

Бірінші отырысқа судья Әсел Тасболатованың төрағалығымен қаралып жатқан іс бойынша 59 адам зардап шегуші ретінде қатысуда. Апат салдарынан келтірілген залал 70 мыңнан 7 миллион теңгеге дейін бағаланады. Айта кетейік, сот отырысын бір уақытта екі залда өткізуге тура келді.

Еске салайық, өткен жылдың қарашасында Клебановқа тиесілі Екібастұз ЖЭО-да апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары созбаққа салынды.

8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен  қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.

Ақпан айының басында өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.

Өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.

11 сәуірде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр аудит аяқталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, Екібастұз тұрғындары келесі жылыту маусымында жылудан таршылық көрмейді. Скляр ЖЭО-ның бір бөлігі мемлекет есебінен жөнделетінін жеткізді. Ал "Екібастұзжылуэнерго" өздеріне тиесілі қондырғыларды қаржыландырады. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешу уәде етілді.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, Екібастұз билігі өткен жылдың 28 қараша мен 8 желтоқсаны аралығында қаладағы жылу желілерінен шыққан апат салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта жұмсалған шығынды өндіріп алу үшін монополисті сотқа берген. Сот шешімі бойынша әкімдік компаниядан 22 млн теңге өндіріп алды.

Бүгінде Екібастұз жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мәжілісмендердің сынынан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұз ЖЭО-дағы жағдайды өз көзімен көріп қайтуға уәде берді.