Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, 2013 жылдан бері әртүрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған вакцинадан 24 976 адам бас тартқан, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Облыстар жоспарлы контингентті иммундау, былтыр вакцинадан қалып қалған азаматтарға екпе салу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұрынғыдай вакцинадан бас тарту мәселесі әлі де өткір. 2013 жылдан бастап күні бүгінге дейін вакциналауға жататын азаматтардың 24 976-і алдын алу вакцинасынан бас тартты. Олардың ішінде 58 пайызы өз нанымы бойынша, 23 пайызы діни көзқарасына, 12,8 пайызы вакцинаға сенбегені үшін, 6 пайызы БАҚ-тағы жағымсыз ақпараттарға бола вакцина ектіруден бас тартқан», - деді Алексей Цой мәжілісте өтіп жатқан үкімет сағатында.
Министр келтірген мәліметке сәйкес, осы жылдың бірінші жартыжылдығында вакцинадан бас тартудың тағы 3 417 жағдайы тіркелген.
«Біз вакцинаға қарсы шыққандармен тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Биыл вакцина жайлы пікірін өзгертіп, 197 адам екпе алды», - дейді ол.
Министрдің айтуынша, аурудың басқа түрлерімен бірге коронавирусқа қарсы вакцинаға қарсы шығып жатқандар көп.
«Министрлік осы мақсатта коронавирусқа қарсы вакцинаның қажеттігін түсіндіруде. Вакцинаны насихаттау үшін БАҚ-та 30 мың материал, әлеуметтік желілерде 3 мыңға жуық жарияланым жасалды. Инфографикалар мен әлеуметтік роликтер де таратылды. Сонымен бірге коронавирус қарсы вакцинаны насихаттайтын азаматтық штаб құрылды», - деп түйді министр.