Алматы облысының Қарасай ауданында сауда орталығында 4 жасар қыз баланы ер адам теуіп құлатқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алматы облысы ПД басшысы Бауыржан Аленов Фейсбуктегі парақшасында жұрттың наразылығын тудырған оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді.
«Ағымдағы жылдың 23 шілдесінде Қарасай ауданының Полиция бөліміне сауда, ойын-сауық орталығында оның 2019 жылғы қызына дене жарақатын келтірген белгісіз адамға қатысты шара қабылдау туралы 1996 жылғы К. есімді азаматша арызданды.
Дерек ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша аудандық полицияда тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары 1998 жылғы Түркия Республикасының азаматын анықтап, полицияға жеткізді. Күдікті жауап алу барысында оқиғаны баяндап, өз кінәсін толық мойындады» делінген хабарламада.
Оқиғаның Aport ойын-сауда орталығында болғаны хабарланды.
Қазіргі уақытта ұсталған адам заңнамада белгіленген тәртіппен УҰИ-ға қамаққа алынды. Сараптама тағайындалып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сай, өзге ақпарат жарияланбайды.
Айта кетейік, бұдан бұрын әлемнің экс-чемпионы Бейбіт Шүменов Астанадағы сауда орталығында балалы ер адамды соққыға жыққан болатын.