Биылғы І жартыжылдықта «Қазақстан халқына» қорына 23,4 млрд теңге түскен. Бұл соманың 95%-ын ресейлік бизнесмен аударғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, І жартыжылдықта «Қазақстан халқына» қоры 55 млрд теңгеге 12 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасын іске қосқан. Қордың атқарушы органы – басқарма биыл 31 отырыс өткізіп, онда барлығы 3466 өтінім мен жеке тұлғалардың өтініштері қаралды. 2022 жылдағыдай өтініш берушілердің көпшілігі денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салалары бойынша қордың қолданыстағы бағдарламалары мен жобалары аясында көмек сұраған.
“Алты айда қорға 23,4 млрд теңге, оның ішінде жеке тұлға В. В. Анисимовтан 22,3 млрд теңге, «Сәтті Жұлдыз» АҚ-дан 1,05 млрд теңге, жеке тұлғалардан 12,2 млн теңге түсті. Қор 24,6 млрд теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті”, – делінген есепте.
Қорға қомақты сома аударған ресейлік миллиардер Василий Анисимов – Алматы тумасы. Forbes нұсқасы бойынша, ол 2023 жылғы ресейлік миллиардерлер рейтингінде 72-ші орында. Оның байлығы 1 600 000 000 долларға бағаланған.
Василий Анисимов 2011 жылға дейін Әлішер Усмановтың "Металлоинвест" холдингі бойынша серіктесі болды.
Миллиардердің Хорватия азаматы атанғаны 2022 жылдың 1 желтоқсанында белгілі болды. Кәсіпкер қазір Швейцарияда тұрады.
Азаматтықты өзгерту процесі ресми түрде жүрді. Ең алдымен, Василий Анисимов Ұлыбритания билігіне өзінің шешімі туралы хабарлады. Бұл Біріккен Корольдікте Анисимов пен оның Қазақстанда тұратын ұлы Яков Клебановқа тиесілі DEGELOV UK компаниясының белсенді жұмыс істеуіне байланысты. Ашық дереккөздер бұл компания Қазақстанда уран мен молибден өндірумен айналысатын Степногорск тау-кен-химиялық комбинатының 40%-ына иелік ететіні жайлы жазған.
Алайда жуырда Қазақстанның мұнай-сервистік компаниялары одағының директоры Нұрлан Жұмағұлов "РосАтом" "Буденовское" БК-ның 49% үлесіне иелік ететін "Степногорск тау-кен-химия комбинатының" (СГХК) 100% үлесін сатып алғанын (Буденовское кен орнының №6 және 7 учаскелері) мәлімдеген еді.