Әлеуметтік желілерде Ертіс өзенінің күрт тартылып кеткені жайлы видео тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жергілікті тұрғындар дабыл қағуда: олар су деңгейінің төмендеуіне байланысты суару мәселесі қиындағанын айтады.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, ауыз су да қат. Ал жергілікті билік тек техникалық су тасымалдауды ұйымдастырыпты.
Әкімдік бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді:
"26 шілде күні таңертең Ертісте Первомай кентінің ауданында су деңгейі күрт төмендеді. Бұл "Өскемен ГЭС АЭС"ЖШС-нің су ағызуына байланысты болды. Өзендегі су деңгейінің қатты төмендеуі Первомай тұрғындарының сусыз қалуына әкелді", - делінген хабарламада.
Айта кетсек, бұдан бұрын әлеуметтік желілерде қазақстандықтар экология министрі Зульфия Сүлейменованың Павлодар облысындағы тартылып бара жатқан қызғылт көлге қатысты мәлімдемесіне шүйліккен. Блогерлер, журналистер мен сарапшылар министр мен оның командасының бейғамдығына таң. Қазақстандықтар Сүлейменованың қоластындағылары көлді тексеруге тек сейсенбіде аттанады деген сөзін сынға алды.
Желі қолданушылары Сүлейменова қателіктерден сабақ алмайтынын атап өтті және, жауапты министрлер ТЖ орнына уақытында бармауы салдарынан үлкен зардаптарға апарып соққан Абай облысындағы өртті тілге тиек етті.
Экология министрінің жұмысын өткен аптада мемлекет басшысы да сынға алған еді. Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте қаланы сумен қамту мәселелерін шеше алмағаны үшін Сүлейменованың министрлігіне көңілі толмайтынын жеткізді.
“Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс”, - деді президент.