Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасының науқастарының АИТВ (ВИЧ) жұқтыруына адами фактор себеп болған. Нақтырақ айтқанда, орта медициналық қызметкерлер кінәлі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Алматы қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті директорының орынбасары Әсел Қалықова мәлім етті.
Оның сөзінше, орта медициналық персоналдың жекелеген қызметкерлерінің санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзуы және олардың қызметіне бақылаудың болмауы салдарынан науқастар ауру жұқтырған.
Эпидемиологиялық тексеру барысында 745 адам зерттелген, олардың ішінде 118 қан доноры, 231 медицина қызметкері және науқастармен бір мезгілде стационарлық ем қабылдаған не сол уақытта медициналық ұйымдарға жүгінген 396 пациент тексерілген. Барлық тексерулер теріс нәтиже көрсетіпті.
Қалықованың сөзінше, эпидемиологиялық тергеу материалдары құқық қорғау органдарына берілген.
Комиссия қорытындылары негізінде ҚР Еңбек кодексінің 48-бабы 2-тармағының 6) тармақшасы бойынша қалалық аурухананың бас дәрігері Н.Табынбаев жұмыстан шеттетілд.
“Қазіргі уақытта АИТВ-инфекциясы анықталған үш пациент ЖИТС орталығына диспансерлік есепке қойылды. Емдеудің жеке схемасы бойынша антиретровирустық препараттармен қамтамасыз етілді, оларға жергілікті бюджет қаражаты есебінен барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі”, – деп мәлім етті қала әкімдігі.
Еске салайық, бұдан бұрын Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы қаланың орталық клиникалық ауруханасында емделушілердің АИТВ жұқтырғанын растаған.
Көп ұзамай осы факті бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеттері тексеруді бастағаны хабарланды.
20 маусымда министрлік эпидемиологиялық тергеудің алғашқы нәтижелерін жариялады.