FlyArystan крмпаниясы Түркістан-Астана рейсінің ұшуын өндірістік қажеттілікке байланысты 15 сағаттан астам уақытқа кешіктірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұшақ 29 шілдеде сағат 16:30-да ұшады деп жоспарланған.
"29 шілде күні 00:55-те орындалатын КC7362 Түркістан – Астана рейсі өндірістік қажеттілікке байланысты кешіктірілді. Рейс Түркістан қаласының жергілікті уақыты бойынша алдын ала 29 шілде сағат 16:30-ға ұшуға жоспарлануда.Біз жолаушылардан түсіністікпен қарауды сұраймыз және ұшу қауіпсіздігі біздің басты приоритетіміз екенін еске саламыз", – делінген FlyArystan таратқан хабарламада.
Срнымен қатар әуе компаниясы рейс екі сағаттан артық кешіктірілсе, жолаушылар алкогольсіз сусындар, сондай-ақ бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын немесе екі электрондық пошта хабарламасын сұрай алатынын мәлімдеді. Ал төрт сағаттан артық кешіктірілгенде, ыстық тамақ ұсынылады. Сусындар мен тағам мәселелері бойынша әуежайдағы FlyArystan өкілдеріне хабарласу керек.
"Күндізгі уақытта 8 сағаттан артық және түнде 6 сағаттан артық кідіріс болса, жолаушыларға қоныстану орны, сондай-ақ қоныстану жеріне дейін және кері қарай трансфер қарастырылады. Осы мәселелер бойынша жолаушылардан FlyArystan өкілдеріне хабарласуларыңызды сұраймыз, барынша қолдау көрсетілетін болады", – дейді компания өкілдері.
Бес сағаттан артық кешіктірілгенде, егер қайта брондау мүмкін болмаса, жолаушылар билеттің құнын қайтарып ала алады.