Қайталама нарықтағы тұрғын арзандап келеді: өткен айда шаршы метрдің құны 1,7%-ға, 494,4 мың теңгеге дейін төмендеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, бағалар соңғы 5 айдың 4-еуінде төмендеді.
Жалпы көрсеткіш динамикасына 4 ірі қала негізгі үлес қосты. Қайталама тұрғын үйлер Астанада (-3,4%), Алматыда (-1,5%), Көкшетауда (-1,3%) және Қостанайда (-1%) айтарлықтай арзандады.
Жыл басынан бері қайталама тұрғын үй бағасы 3,7%-ға, бір жылда 0,7%-ға төмендеді.
Жаңа тұрғын үй бір айда 0,1%-ға арзандады. Енді ондағы шаршы метрдің құны – 486,2 мың теңге. Алайда жаңа баспаналар бағасы жыл басынан бері 1,6%-ға, бір жылда – 4,3%-ға өсті.
Тұрғын үйді жалға алу ақысы да айтарлықтай қымбаттады. Жалдамалы шаршы метрдің құны 4,7 мың теңгені құрады, бұл маусымдағы бағадан 1,9%-ға жоғары. Бағаның өсуі маусымдық құбылыс екені анық. Бірақ алаңдататыны – шілде айында пәтерді жалға алу ақысы 2015 жылдан бері мұншалықты қымбаттамаған.
Ірі қалаларды қарастырайық. Қарағандыда жалдау ақысы 3,9%-ға, Алматыда – 3,1%-ға, Петропавлда – 0,6%-ға және Шымкентте – 0,1%-ға өсті. Басқа қалалардағ соның ішінде Астанада да бағалар өзгерген жоқ.
Жалпы, бір жыл ішінде Қазақстанда баспананы жалға алу ақысы 28,6%-ға өсті.
Айта кетейік, Қазақстан инфляция деңгейі жөнінен ЕАЭО елдерінен алда тұр. Мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстанда бағаның жылдық өсуі 14,6 пайызды құрады. Ал Қырғызстанда небәрі 10,5 пайыз.
Бұдан бұрын Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстандағы инфляцияны төмендету жолдарын ұсынған.