2023 жылғы 10 қазанда бидайды автомобиль көлігімен Қазақстан аумағына, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден әкелуге тыйым салу мерзімі аяқталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚР сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) отырысында тыйым салуды белгілі бір шектеулермен тағы алты айға ұзарту туралы шешім қабылданды.
“Шешім бидайды ҚР-на әкелудің және оны Ресей Федерациясымен шекаралас аймақтарынан автомобиль көлігімен реэкспорттаудың "сұр схемаларын" болдырмау мақсатында қабылданды.
Бұл ретте, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқым материалымен қамтамасыз ету мақсатында тұқымдарды автокөлікпен жеткізуге рұқсат етіледі. Бірақ бұл жағдайда партиялар тұқымның сапасы туралы куәлікпен қоса бірге жүруі керек”, – делінген хабарламада.
Бұдан басқа, лицензияланған элеваторлардың, астық өңдеушілердің, құс шаруашылығы кәсіпорындарының атына жеткізілімдерді қоспағанда, импорттық бидайды Қазақстан аумағына және теміржол көлігімен әкелу шектеледі.
Автокөлікке тыйым салуды ұзарту және теміржол шектеулерін енгізу туралы бұйрықты ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлейтін болады.