Қазақстан өңірлік транзиттік хабқа айналу мақсатын көздеп, жалпы сөзден нақты жобалар мен бағыттарға біртіндеп көше бастады. Президент әкімшілігі кезекті ауқымды мегажобаны емес, нақты мәселені талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді. Фураға немесе вагонға тиеп қана қоя салуға болмайтын тауарларды қалай тасымалдау керек деген сауалға жауап іздеді.
Айтпақшы, мұндай тауарлар Қазақстан импортының шамамен 30%-ын, ал экспортының 20%-ға жуығын құрайды. Олардың қатарында көкөніс, жеміс-жидек, кейбір дәрі-дәрмек және басқа да өнімдер бар. Әзірге елімізде мұндай жүктерді жеткізудің бірыңғай жүйесі жоқ. Демек, олардың сапасы сақталатынына да нақты кепілдік жоқ.
Суық тізбекті қалыптастыруға жапондар қалай көмектесе алады? Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді.
Қазақстан логистикалық артықшылығының басты тетігі ретінде өзінің географиялық орналасуын жиі алға тартады. Ел аумағы арқылы Қытай мен Еуропаны, Орталық Азия мен Каспий өңірін байланыстыратын бағыттар өтеді.
Алайда Қазақстанның климаты жыл ішінде бірнеше рет өзгеріп қана қоймайды, тіпті бір елді мекеннің өзінде күн сайын құбылып тұрады. Осындай жағдайда ет, балық, көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері, вакциналар және басқа да тауарларды қалай тасымалдауға болады? Әлемде мұндай жүктерді тасымалдаудың нақты стандарттары әлдеқашан қалыптасқан. Сол стандарттардың бірін Қазақстан 2026 жылдың мамырында қабылдады.
– Біздің міндетіміз – жай ғана транзиттік хаб болып, транзит көлемін арттыру емес, сақтау, өңдеу, қызмет көрсету және тарату арқылы Қазақстан ішінде қосылған құн қалыптастыру. Қазіргі заманғы суық тізбекті дамыту мәселесін де осы тұрғыдан қарастырамыз. Бұл біз үшін басым бағыттардың бірі болуы керек. Өйткені мәселе тек логистикаға ғана қатысты емес. Бұл – азық-түлік пен дәрі-дәрмек қауіпсіздігі, өнім сапасы, экспорттық бәсекеге қабілеттілік және ұлттық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы мәселесі, – деді дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстан Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова.

Қазақстан бұл бағытты температуралық режимді сақтауды қажет ететін жүктерді жеткізу саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – жапондық Yamato Group компаниясымен серіктестікте дамытуды көздеп отыр.
– Қазақстанның көршілес елдерге терезе әрі қақпа болуға ұмтылған жоспары бізге үлкен әсер қалдырды. Бұл – ауқымды, бірақ дұрыс стратегия деп санаймыз. Меніңше, Қазақстан мен Жапонияның түрлі бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндігі бар. Сондықтан Yamato, Geopost және Қазақстан тарапы арасында бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынғымыз келеді, – деді Yamato Transport компаниясының тұрақты атқарушы кеңесшісі Кацухико Умэцу.
Оның пікірінше, логистикалық тізбек дұрыс құрылған жағдайда қашықтық та, климат та сапалы өнімді жеткізуге кедергі болмауы керек.
Ал Қазақстанда бұл жүйенің қалай жұмыс істейтіні Токиодан келген қонақтардың да білгісі келіп отырған мәселесі. Осыған байланысты Президент Әкімшілігі дөңгелек үстелге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті ТМД елдерінен де мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін шақырды.
Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев температуралық режимге сезімтал өнімдерді жеткізу бағытында елімізде белгілі бір жетістіктер барын атап өтті.
– Бұрын мейрамханаларда: «Бүгін бейсенбі, ұшақ енді ғана келді, балғын балыққа тапсырыс беріңіздер» деген сөз айтылатын. Бізде салқындатылған өнімдерді тасымалдауға қатысты қызықты логистикалық міндеттер болды. Атап айтқанда, Тараздан Біріккен Араб Әмірліктеріне салқындатылған қой етін жеткізудің өте ауқымды жүйесі жолға қойылды. Жақында Жапонияға салқындатылған жылқы етін жеткізу мәселесі де көтерілді. Өйткені олар оны сашими ретінде тұтынғысы келді. Әзірге бұл жаппай сипат алған бағыт емес. Дегенмен әрбір осындай мысал суық тізбекті дұрыс ұйымдастыра алатынымызды көрсетеді, – деді Нұрлан Сауранбаев.

Оның айтуынша, бизнес өкілдерімен тілдескеннен кейін министрлік нақты қорытындыға келген: мемлекет ойын ережесін белгілеуі керек, ал бизнес процестерін қалыптастыру жеке кәсіпкерлердің еншісінде қалуы тиіс.
– Бізде көлік-логистика компаниялары қазірдің өзінде жеткілікті деңгейде мықты. Сондықтан олардың өздері рефрижератор сатып ала алатынын ашық айтып отыр. Кейбірі температурасы бақыланатын қоймалар салуға ниетті екенін жеткізді. Біз мұндай ұстанымды қолдаймыз. Бірақ ұзақ мерзімді инвестиция қажет болатын тұстарда мемлекет ретінде көмектесуге, үлкен көлемде капитал салып, осы ауқымды суық тізбекті қалыптастыруға дайынбыз, – деді ол.
Қазақстан мейрамханаларындағы салқындатылған балық, Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізілетін салқындатылған қой еті... Сырт көзге суық тізбек қалыптастыру ауқатты адамдарға ғана қажет дүние сияқты көрінуі мүмкін. Алайда Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әділбековтің айтуынша, бұл мәселе барлық қазақстандыққа қатысты.
– 2023 жылғы ауыл шаруашылығы маусымының қорытындысы бойынша 2024 жылдың басында көкөніс пен картоп сақтайтын қоймалардың жалпы сыйымдылығын шамамен 600 мың тонна деп бағаладық. Ал маусымаралық кезеңдегі қажеттілік шамамен 1 миллион 650 мың тонна болды. Яғни қамтамасыз ету деңгейі небәрі 36%-ды құрады. Дәл осы қуат тапшылығы негізгі көкөніс түрлері бағасының маусымдық құбылуына әсер еткен факторлардың бірі болды, – дейді ол.
Кейін көкөніс қоймаларын салуға субсидия мен жеңілдетілген несие енгізілді. Соның арқасында қазір Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 2,55 миллион тонна болатын 942 көкөніс қоймасы бар. Алайда Әділбековтің айтуынша, температуралық режим сақталатын көкөніс сақтау инфрақұрылымы әлі де жеткіліксіз. Басқа өнім түрлері бойынша да әлеует бар.
– Сараптамалық бағалауымыз бойынша, Қазақстан экспортының шамамен 20%-ы және импортының 30%-ға жуығы суық тізбекті немесе температуралық режим сақталатын басқа да жағдайларды қажет етеді. Бұл қажеттіліктің ауқымын мал шаруашылығы өнімдері мысалынан анық көруге болады. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында суық тізбекке жататын өнімдердің тауар айналымы 353 миллион АҚШ долларын құрап, 93%-ға өсті. Бұл ретте экспорт 26%-ға артты. Қой және ешкі етінің экспорты 54 миллион долларды, құс еті мен оның субөнімдері 27 миллион долларды құрады.
Қазір біздің сиыр етіне сұраныс бар. Оның ішінде Жапония нарығында сұранысқа ие жылқы етін экспорттауға да қажеттілік бар. Негізгі жеткізу бағыттары – Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Таяу Шығыс, – деді ол.
Температуралық режим мәселесі медицина саласында да аса маңызды.
«СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбековтің айтуынша, Қазақстан қазірдің өзінде сенімді суық тізбек қалыптастырған және енді Орталық Азияның фармацевтикалық логистикалық хабына айналуды көздеп отыр.
– Біздің міндетіміз – өңірге, қашықтыққа және осы тізбекке қатысушылардың санына қарамастан, пациенттің бірдей сападағы дәрілік препарат алуын қамтамасыз ету. Сондықтан суық тізбек қоймада аяқталмайды. Ол өндірушіден басталып, қабылдау, сақтау және тарату кезеңдері арқылы өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына, медициналық ұйымдарға жетеді де, пациентке барып аяқталады. Егер осы кезеңдердің бірінде температуралық режим бұзылса, бұл препараттың сапасына әсер етуі мүмкін, – деп атап өтті «СК-Фармация» басшысы.
Жалпы алғанда, Қазақстанның логистика саласы бүгінде белсенді даму кезеңін бастан өткеріп жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында елде көліктің барлық түрімен 625,7 миллион тонна жүк тасымалданған. Ал жүк айналымы 342,6 миллиард тонна-шақырымды құрады.
Алайда температуралық режимді қажет ететін жүктер үшін тасымалданған жүк көлемі жеткізу сапасы туралы ештеңе айтпайды. Сарапшылардың бірі жағдайды ет мысалымен түсіндірді. Фермада ет тиісті талапқа сай сақталады. Кейін ол рефрижераторға тиеледі. Көлік жүкті терминалға жеткізеді. Бірақ терминалда тауар бірнеше сағат бойы кәдімгі аймақта тұрады. Одан кейін басқа көлікке қайта тиеледі. Формалды түрде қарасақ, бұл тізбекте рефрижератор бар. Бірақ суық тізбектің өзі бұзылып үлгерді.

Бұл мәселені тек нақты жұмыс алгоритмдері мен тізбектің барлық буынын мұқият пысықтау арқылы шешуге болады. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, дәл осы тұста бізге шетелдік тәжірибе көмектесе алады. Сонымен бірге Қазақстанның түпкі мақсаты қандай болуы керектігі жөнінде нақты түсінігі бар.
Қазақстанның Стандарттау және метрология институты басқарма төрағасы Мәлік Сәулебай суық тізбекке бір-бірімен өзара байланысты бірнеше деңгейден тұратын жүйе ретінде қарауды ұсынды.
– Тізбек өзара байланысты бес қабаттан тұрады. Біріншісі – тасымалдау, сақтауға арналған бірыңғай стандарттар. Екіншісі – температуралық режимді сенімді өлшеу және валидациялау. Үшіншісі – бүкіл тізбек бойынша деректерді жинау және оқиғаларды тіркеу. Төртіншісі – білікті мамандар. Бесіншісі – сәйкестікті тәуелсіз растау, – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар сарапшының пікірінше, Қазақстан әлемдік тәжірибені түгелдей сол күйінде көшіріп алудың қажеті жоқ.
– Біздің ойымызша, алдымен халықаралық талаптарды өз тәжірибемізбен салыстырып, нақты олқылықтарды анықтап алу керек. Содан кейін ғана ұлттық деңгейде енгізілетін басым бағыттарды таңдаған жөн, – дейді ол.
Әрине, Қазақстанның логистика саласында атқаратын жұмысы әлі көп. Ең бастысы, сең қозғалды, ел шаруаға кірісті.