Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бұл топ адам ұшыраған апат. Қылмыстық кодекске сәйкес, егер сот шынымен де басшылық кінәлі деп таныса, онда жеті жылға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деді ол.
Ал облыс әкімінің орынбасары Вадим Басин комиссия сотқа беретін іс материалдарында қайғылы оқиғаға кінәлілер көрсетілетінін түсіндірді. Оның сөзінше, тергеуден кейін апат пен кісі өліміне не себеп болғанын түбінде сот анықтайды.
«Комиссия материалдарында іс-әрекеттерімен қауіпсіздік техникасы ережелерін бұзған тұлғалар, лауазымдық нұсқаулықтар көрсетіледі» дейді Басин.
Еске сала кетейік, кеше «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасы өртенді. Жер астында барлығы 227 жұмысшы болған. Жұмысшылар бүйірлік оқпан арқылы шахтадан жер бетіне шығарылды. Шахтада барлығы 227 адам болған.
Бұдан бұрын апаттан зардап шеккендер саны алты адамға жеткені хабарланған. Кейін зардап шеккендар саны 13-ке жеткені белгілі болды.
Апат орнынан екі жұмысшының мәйіті табылды. Үш кенші әлі іздестіріліп жатыр.
Шахтинск қаласының полициясы ҚР ҚК 277-бабының 2-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.