Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Биыл облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты дақылдардың шығыны өткен жылмен салыстырғанда 25-30 пайызға төмен болады деп күтілуде.
“Бүгінгі таңда облыстың алты ауданында (Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ және Жамбыл) шығынды анықтау бойынша құрылған жұмыс топтарының ғылыми зерттеу институттарымен бірлескен жұмысы жалғасып жатыр. Шаруа қожалықтарына келтірілген шығын көлемін анықтау шаралары вегетациялық кезең аяқталғанша нақтыланып, жақын күндері жарамсыз қалған аумақ пен шығын мөлшері түпкілікті айқындалады”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұдан бұрын Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев су тапшылығына байланысты Жамбыл облысында қанша гектар егістік зардап шеккенін мәлім еткен.
Еліміздің оңтүстік өңірлері іс жүзінде көршілес елдің ресурстарына – Қырғызстаннан бастау алатын Шу және Талас өзендеріне тәуелді. Аймаққа барлық суармалы судың 85%-ы көршіден келеді.
Бұдан бұрын Жамбыл облысында трансшекаралық көздерден суармалы судың жеткіліксіз берілуіне байланысты пияз бен қант қызылшасы алқаптарына қауіп төніп тұрғаны хабарланған.
Жамбылдық фермерлер көршілерді трансшекаралық өзенде су қоймаларын салды деп айыптап, дабыл қақты. Екіжақты кездесу өткенмен тамыз айында су тапшылығы мәселесі шешіле қоймады. Қазақстандық фермерлердің наразылығына жауап ретінде қырғыз тарапы: «Қазақстанға су жеткізуде қиын жағдай туындады, қырғыз билігі өз ауылдары үшін суды үнемдеуге мәжбүр болды. Осыған байланысты Қазақстанға су беруді тоқтату туралы шешім қабылданды», - деп жауап берді.
Экология министрі қырғызстандық шенеуніктердің мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді.