Еуропалық комиссия 21 тамызда 2021 жылы енгізілген демпингке қарсы баждарды және 2022 жылы белгіленген ресейлік компанияларға қатысты санкцияларды айналып өту ықтималдығына қатысты тергеуді бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Комиссияға Латвияның Latvijas finieris кәсіпорны шағым түсірген. Еуропалық Ағаш өңдеу өнеркәсібі консорциумының мәлімдемесі бойынша тергеу басталды.
Latvijas finieri шағымында ЕО аумағында ресейлік қайың шересі сатылып жатқаны айтылған.
Ағаш өңдеушілер Ресей Федерациясының өнімдері Еуроодақ елдері аумағына Қазақстан мен Түркия арқылы жеткізіледі деп болжайды. Бұрын-соңды қайың шересінің ірі өндірушілері қатарында болмаған Түркия мен Қазақстанның санкциялар енгізілгеннен кейін Еуропаға шере жеткізе бастауы күдік тудырған. Сонымен бірге ресейлік қайың шересінің Түркияға импорты айтарлықтай өскені назар аудармай қоймайды.
Latvijas finieris Басқарма мүшесі Мартинш Лацис барлық тұтынушыларды күдік тудырған шере туралы компанияға немесе Еурокомиссияға дереу хабарлауға шақырды. Оның пікірінше, бұл нарықтық бәсекелестіктің әділ жағдайларын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Әңгіме нақты қандай өндіруші туралы екені белгісіз. Украинада соғыс басталғанға дейін Ресей Федерациясынан еуропалық нарыққа шере өндіру және сату бойынша көшбасшы олигарх Алексей Мордашовтың "Севергрупп" холдингінің құрамына кірген "Свеза" компаниясы болғаны белгілі, ол 2022 жылы ЕО мен АҚШ-тың санкцияларына іліккен.
2021 жылы Еуроодақ Ресей Федерациясынан импортталатын қайың шересін 14,4%-дан 15,72%-ға дейін демпингке қарсы баж салығын енгізді.
2022 жылдың шілдесінен бастап ЕО ресейлік ағаш өңдеу кешенінің барлық дерлік өнімдеріне, соның ішінде шере тасымалына тыйым салды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Швеция Ресеймен көршілер елдер санкцияларды айналып өтуге көмектеседі деп күдіктенетіні хабарланған.
Жуырда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров біздің еліміздің де санкцияға іліну мүмкіндігі жайлы сұраққа жауап берген.