×
515.25
535.91
5.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
515.25
535.91
5.18

Қазақстанда ең төменгі жалақының өсуі кімге, қалай әсер етеді?

06.09.2023, 09:11
Қазақстанда ең төменгі жалақының өсуі кімге, қалай әсер етеді?
фото: ашық дереккөзден

Елімізде келер жылдан бастап ең төменгі жалақы  мөлшерінің 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге артуы нәтижесінде 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай табысы ұлғаяды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ең бірінші кезекте ЕТЖ-ның өсуі «жалақысы төмен» жұмыскерлерге әсер етеді. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер, сондай-ақ разряд аралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.

“Осының нәтижесінде барлық салаларда әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет қызметкерлерінің ақшалай табысы өседі. Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік Банктің сарапшыларымен бірлесіп ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесін әзірледі, оған сәйкес ЕТЖ мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалады. Сондай-ақ Еңбекмині жұмыскерлердің жалақысын көтеру бойынша жеке кәсіпорындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде осы жылдың басынан бастап 8 мың жұмыс беруші 2,8 млн қызметкердің жалақысын 5-тен 50% - ға дейін арттыру туралы шешім қабылдады”, – делінген хабарламада.

Еске салайық, президент Тоқаев халыққа жолдауында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырды.

Айта кетейік, бұдан бұрын елімізде 355 мыңнан астам бала кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны хабарланған.

Қазақстан инфляция деңгейі жөнінен ЕАЭО елдерінен алда тұр. Мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстанда бағаның жылдық өсуі 14,6 пайызды құрады. Ал Қырғызстанда небәрі 10,5 пайыз.

Жуырда депутат Мәди Тәкиев қазақстандықтардың жалақысының күнделікті қажеттіліктерінен артылмайтынын мәлімдеген.

Ал оның әріптесі Елнұр Бейсенбаев халықтың орташа табысы мен қымбатшылық жайлы ресми статистика шындыққа сай келмейтінін айтты.