Түркістан облысында 5 жасар қызды қатыгездікпен өлтіру фактісі бойынша сот талқылауы басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Отырыстар тергеу изоляторында өтетіні хабарланды.
"Процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және үлкен резонанс аясында кез келген шектен шығудың жолын кесу үшін сот басқа өңірдің тергеу изоляторының аумағында өтеді. Менің жеке ұстанымым бойынша бір ғана үкім шығарылуы тиіс, сотталушыны қоғамнан өмір бойы оқшаулау керек", - деді адвокат.
Еске салайық, бұдан бұрын Түркістан облысында қаскөй 5 жасар қызды зорлап өлтіргені хабарланған.
Кісі өлтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (кәмелетке толмаған адамды өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті бұған дейін де ауыр қылмыстары үшін сотталған.
Президент Тоқаев бұған дейін ауыр қылмыс жасағанына қарамастан күдіктіге жеңіл жаза тағайындаған судьяны тексеруді тапсырған.
Көп ұзамай Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының судьясы қызметінен босатылды.