×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Туыстарынан алған сәлемдемесі": комитет төрағасы Күдебаевтың түрмедегі аста-төк дастарханы жайлы

08.09.2023, 17:33
"Туыстарынан алған сәлемдемесі": комитет төрағасы Күдебаевтың түрмедегі аста-төк дастарханы жайлы
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қазақстан ІІМ ҚАЖК төрағасы Жанат Ешмағамбетов Алматы облысы полициясының бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың түрмеде өзге сотталғандармен бірге үлкен дастархан басында отырған суретіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жанат Ешмағамбетовтың айтуынша, сотталғандар бос уақыттарында жиналған, ал үстелдегі өнімдер – тұтқындардың туыстарынан алған сәлемдемелері. Тексеру барысында дастархандағы заттардың арасында алкогольдік ішімдіктер мен тыйым салынған заттар анықталмаған.

Анықталған бұзушылық – түрмеде бұл ұялы телефонның болуы, сондай-ақ бейнебақылау объективінің жабылуы.

"Өскеменнің бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ұстауға арналған № 22 орташа қауіпсіздік мекемесіндегі жағдайға қатысты айтатын болсақ, иә, бұл суретті көрдік, қызметтік тергеу жүргіздік. Ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес, барлық сотталғандар мекеменің түріне және ондағы тәртіпке байланысты туыстарымен қысқа және ұзақ кездесуге құқылы. Осы кездесулер барысында олар сәлемдемелер, соның ішінде азық-түлік алуға құқылы", - деді ол брифинг барысында.

ҚАЖК төрағасы Серік Күдебаевқа қатысты жағдайда сотталғандар туыстарымен кездескеннен кейін азық-түлік алғанын және бос уақыттарында, сағат 20:00-ден кейін тамақтану бөлмесіне жиналғанын атап өтті.

"Біз анықтаған бұзушылық – бұл мекемеде қатаң тыйым салынған ұялы телефонның болуы және бейнекамера объективінің жабылуы. Кім суретке түсіргенін анықтадық, бұл сотталғандардың бірі. Телефон табылды және тәркіленді, ол тәртіптік изоляторға орналастырылды, жазаны орындау режимін қасақана бұзушы деп танылды. Біз қазір тыйым салынған затты алып өту жолдарын анықтап жатырмыз", - деді комитет басшысы.

Ол сондай-ақ колонияда 11 немесе 12 адам, оның ішінде Күдебаев та болғанын, олардың әрекеттерінде бұзушылықтар анықталмағанын атап өтті. Күдебаев үшін қандай да бір ерекше жағдайлар жасалмағаны айтылады. 

Ешмағамбетовтың айтуынша, бұл камералық емес, отрядты ұстау мекемесі. Онда орта есеппен 40-50 адам бар.

ҚАЖК басшысы телефон Күдебаевқа емес, басқа тұтқынға тиесілі екенін, тұтқындар ішімдік ішпегенін жеткізді.

Еске салайық, жуырда желіде Серік Күдебаевтың түрмеде әлдебір мерекелік дастархан басында отырған суреті пайда болып, халық арасында қызу талқыға түскен.

Көп ұзамай ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті желі қолданушыларының көкейінде көп сұрақ тудырған суретке қатысты түсініктеме берген.

Сәуір айының соңында генерал Серік Күдебаев «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Тергеу мәліметтері бойынша, ол Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысының коменданты бола тұра жұмыс орнын тастап кеткен.

Күдебаев 23-24 наурызда Қазақстаннан қашып кеткен. Ол Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өтіп, одан әрі Түркияға жол тартқан. Сол тұста Күдебаевқа іздеу жарияланды. Сәуір айының соңында оның ұсталғаны белгілі болды.

Бұған дейін Қырғызстанда Күдебаевтың қашу фактісімен қозғалған қылмыстық іс бойынша бес айыпталушы сотталған болатын.