Елімізде колледждерде сабақ беретін оқытушылардың еңбекақысы мектептердегі мұғалімдермен салыстырғанда 40% аз. Бұл туралы 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетінің заң жобасының таныстырылымында Мәжіліс депутаттары айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Неге 800-дей колледж мұғалімінің жалақысы орта мектепте қызмет ететін әріптестерінен 40% төмен? Ұсынылып отырған заң жобасында бұл туралы жазылмаған. Осы мәселені қалай реттейсіздер?», – деді депутат Болатбек Нәжметдинұлы.
Алайда салаға жауапты ведомствоның өкілі мардымды жауап бере алған жоқ. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, орта кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін оқытушылардың еңбекақысын ұлғайту үшін әуелі әдістеме әзірлеу қажет. Ал қаралып жатқан бюджеттің заң жобасында мұндай тетік қарастырылмаған. Демек, айлығы шайлығына да жетпей жүрген колледж мұғалімдеріне қалтаның қалыңдығын ойлау әлі ерте дегенді меңзеді шенділер.
«Аталған мәселені жан басына шаққандағы әдістеменің аясында шешуге болады. Келер жылдың 1-ші қаңтарынан бастап осы республикалық бюджет арқылы колледж мұғалімдерінің жалақысын көтеру қарастырылып отырған жоқ», – деді Е.Оспан.