Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның Украинадағы елшісінің ауысу ықтималдығы жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еске сала кетейік, 8 қыркүйекте Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев Ulysmedia.kz тілшісіне Украина Сыртқы істер министрлігінен Украинадағы елшілікке жаңа кандидатураны қарастыру туралы өтініш түскенін хабарлаған.
Десе де Қазақстан тарапы бұл ақпаратты ресми түрде растамады.
«Бұл біздің ішкі, жұмыс процесіміз. Президент жарлығы шыққаннан кейін ғана біз қандай да бір елшінің ауысқанын немесе тағайындалғанын хабарлай аламыз. Басқаша пікір білдіре алмаймыз. Жарлық шықса, жаңалық та болады», – деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі елшілерді алмастыру - ішкі жұмыс процесі екенін, ол жұмысты Қазақстан сол елмен бірге жүргізетінні атап өтті. Алдын-ала ешқандай ақпарат жарияланбайды.
Дархан Кәлетаев Украинадағы елші болып 2020 жылы тағайындалған. Ол Украинада соғыс басталған кезде сол елдегі қазақстандықтарды эвакуациялауға қатысқан.
Кәлетаев жеті жыл бойы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры болды. Дін істері және қоғамдық даму министрі қызметін атқарды. 2019 жылы ол президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған.