×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

"Мәселе дұрыс көтерілмеген": Қошанов мектепте орыс әдебиеті сағаттарын қысқарту жайлы

13.09.2023, 14:22
фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палата депутаты Ринат Зайытовтың ел мектептерінде орыс әдебиеті пәнінің сағатын қысқарту жайлы ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұдан бұрын мәжілісмен Ринат Зайытов «Қазақстанда орыс тілі әдебиетінің сағатын қысқарту керек. Неге біздің балалар тек орыс әдебиетін оқуы керек?» деп мәселе көтерген еді. Бүгін Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдері палата спикеріне депутаттың осы бастамасы жайлы сұрақ қойды.

Қошановтың пікірінше, мәселе дұрыс көтерілмеген.

«Менің ойымша, мәселені олай қоймау керек. Әр депутаттың өз пікірі бар. Мәжілісте әлуан түрлі пікірі бар депутаттар жиналды. Біз оларға тыйым сала алмаймыз. Әркімнің өз пікірі бар. Біз бірінші кезекте орыс тіліне тыйым салуымыз керек пе немесе мемлекеттік тілді дамыту керек пе деген мәселені қарауымыз керек», - деді палата төрағасы.

Ол ұрпағымыз неғұрлым көп тіл білсе, соғұрлым өзге мемлекет тұрғындарынан бір саты биік тұрады деп есептейді.

«Орыс тілі де, ағылшын тілі де керек. Бірақ басымдықта мемлекеттік тіліміз болуы керек. Сондықтан мектепті бітірген балаларымыз мемлекеттік тілді еркін меңгеруі қажет. Басқа тілдерді дамыту оған кедергі болып тұрған жоқ. Басқа тілдерді төмендету арқылы мемлекеттік тілдің мәселесін шешпеуіміз керек. Барлығын дамытып, мемлекеттік тілге ерекше мән беруіміз керек», - деді Ерлан Қошанов.

Серіктес жаңалықтары