×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Несие мен тамақ: қазақстандықтар жиған-тергенін қайда жұмсайды

14.09.2023, 10:45
Несие мен тамақ: қазақстандықтар жиған-тергенін қайда жұмсайды
Коллаж: Ulysmedia.kz

Бірінші кредиттік бюроның мамандары жүргізген ресми статистика деректері қазақстандықтардың жиған-тергенін тұтыну қажеттіліктеріне, азық-түлік пен несие төлеуге жұмсайтынын көрсеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

2023 жылдың II тоқсанында Қазақстанның орташа тұрғынының шығыстары 260 мың теңгеден асты немесе айына шамамен 86,9 мың теңгені құрады. Бір қарағанда, бұл сома аса көп емес, бірақ бұл көрсеткіш қарапайым математикалық формуланың нәтижесі екенін ескерген жөн – мұнда халықтың жалпы кірісі ел тұрғындарының санына бөлінген.

Бұл ретте сауалнама деректері бойынша азаматтар өз қаражатының 92%-ға жуығын тұтыну қажеттіліктеріне (239,5 мың теңге) жұмсайды. Тұтыну бойынша Алматы көшбасшы болды – орташа есеппен қала тұрғыны шамамен 347,7 мың теңге жұмсайды. Ал Астанада – бір адамға 301,6 мың теңгеден келеді. Қызылорда (189,2 мың теңге) және Түркістан (174,5 мың теңге) облыстарының тұрғындары ең үнемді болып шықты.

Бұдан бұрын Қазақстанның орташа тұрғыны азық-түлікке өз бюджетінің 50%-дан астамын жұмсайтыны хабарланған. Қазақстан осы көрсеткіш бойынша әлемдік “көшбасшылар” қатарында. Мәселен, азық-түлік шығындарының ең жоғары үлесі Түркістан (61,1%), сондай-ақ Маңғыстау (60,3%) облыстарында болды. Сонымен қатар, әлеуметтанушылар еліміздегі ең ірі екі мегаполистің орташа айлық көрсеткіштері айтарлықтай ерекшеленетінін атап өтті. Алматылықтардың азық-түлікке жұмсалатын шығындары астаналықтарға қарағанда 41%-ға төмен. Оңтүстік астана бұл көрсеткіш бойынша Павлодар (9,6 мың теңге), Шығыс Қазақстан (9,1 мың теңге) және Маңғыстау (8,2 мың теңге) облыстарынан алда тұр.

Сарапшылар ел тұрғындарының алкоголь мен темекі өнімдеріне жұмсаған шығындарын да есептеді. Орташа алғанда, қала тұрғындары мұндай шығындары ауыл тұрғындарына қарағанда 66,3%-ға көп. Қалалықтар 1,8 мың теңгеге жұмсаса, ауылдықтар 1,1 мың теңге шығындайды. 

Орта есеппен Шымкент пен Алматы тұрғындары жаңа киімге айына шамамен 26-28 мың теңге жұмсауға дайын.

Шығындардың елеулі бөлігі байланыс қызметтеріне жұмсалады. Ең жоғары шығыстар ауылдық жерлерде – Солтүстік Қазақстан (9,4 мың теңге) және Ақмола (9,3 мың теңге) облыстарында тіркелді.

Қазақстандықтардың шығыстарының тағы бір бөлігі – тұтынушылық кредиттерді төлеу. Ел тұрғынының орташа қарызы 16,1 мың теңгені немесе оның табысының 6,2%-ын құрайды. Несиені ең көп алатын аймақ – Ұлытау облысы. Онда тұрғындар банктерге орташа есеппен 48,6 мың теңге қарыз. 

Айта кетейік, қазақстандықтардың 90%-ының жан басына шаққандағы табысы 151 мың теңгеден аспайды.

Бұдан бұрын елімізде 355 мыңнан астам бала кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны хабарланған.

Қазақстан инфляция деңгейі жөнінен ЕАЭО елдерінен алда тұр. Мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстанда бағаның жылдық өсуі 14,6 пайызды құрады. Ал Қырғызстанда небәрі 10,5 пайыз.

Жуырда депутат Мәди Тәкиев қазақстандықтардың жалақысының күнделікті қажеттіліктерінен артылмайтынын мәлімдеген.

Ал оның әріптесі Елнұр Бейсенбаев халықтың орташа табысы мен қымбатшылық жайлы ресми статистика шындыққа сай келмейтінін айтты.