Азық-түлік келісім-шарттық корпорациясы басқарма төрағасы Асылхан Жұбашев өзі басқаратын ұйымның өңірлік филиалдары басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еске сала кетейік, кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Азық-түлік келісім-шарттық корпорациясы ұлттық компаниясы қызметін тексеріп жатқанын, тексеру барысында Продкорпорация өңірлік филиалдары мен ведомстволық бағынышты ұйымдарының бірқатар басшыларының жемқорлығы әшкереленгені туралы ақпарат таратқан еді. Антикордың хабарлауынша, астық ұрлау фактілерін жасыру үшін пара беру әрекеті кезінде астық базаларының бұрынғы директоры мен оның көмекшілерінің қылмысы ашылған.
«Жасалған қылмысты жасыру әрекеті кезінде астық базаларының бұрынғы директоры мен оның серіктестері пара беруге әрекет жасағандар әшкереленді. Қазіргі уақытта күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деп хабарлайды агенттік.
Бүгін Ulysmedia.kz тілшісі мәжіліске келген Азық-түлік келісім-шарттық корпорациясы басқарма төрағасы Асылхан Жұбашевтен осы істен қаншалықты хабардар екенін сұралы.
«Сондай қылмыстар болған, қазір жұмыстар, тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу біткеннен кейін бәрі белгілі болады», - дейді ол.
Жұбашевтен «сіз осы корпорацияны басқарған кезде мұндай қылмыстардан хабарсыз болдыңыз ба?» деген сұраққа «байқамадым, кім біледі» деп жауап берді.
Азық-түлік келісім корпорациясы – Қазақстанда астық саудасын ұйымдастыруымен айналысатын мемлекеттік корпорация. 1995 жылы құрылған. Корпорация алғашқы екі жыл бойы астықты вексельдік бағдарлама арқылы сатып алды. 1997 жылдан бастап ол жабық акционерлік қоғамға айналып, азық-түлік келісім корпорациясы деп аталды. Корпорация кеңсесі Астанада орналасқан.