«Tasyapi Insaat Taahhut San. ve Ticaret A.S.» компаниясының арызы бойынша істе Қазақстан пайдасына сот шешімі шықты, деп хабарлайды ulysmedia.kz порталы Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің хабарлауынша, 2021 жылдың 12 қазанында Париж қаласының соты «Tasyapi Insaat Taahhut San. ve Ticaret A.S.» (Ташяпы) компаниясының арызы бойынша істе Қазақстанның пайдасына шешім шығарған. Жәбірленуші соттан бұдан бұрын шыққан төрелік шешімнің күшін жоюды талап етті. Төрелік шешімге сәйкес Ташяпы Қазақстанның пайдасына 6,7 млн АҚШ долларын төлеу қажет.
Қазақстан Париж сотына Ташяпының талап-арызы негізсіз екенін дәлелдеген. Сонымен қатар, сот Ташяпыны Қазақстанның 30 000 еуро көлемінде кеткен сот шығындарын өтеуге міндеттеді.
«Автомобиль жолдары комитетінің Ташяпы арасындағы «Ақтөбе - Мақат» жолына құрылыс жүргізу туралы келісімшарттық қатынастар – аталмыш төрелік даудың мәні болды. Талап-арыз сомасы 6,5 млн АҚШ долларын құраған. 2019 жылдың 3 желтоқсанында Сингапурдегі Халықаралық төрелік орталығының төрелік соты Ташяпының талап-арыздарын қабылдамай, Қазақстанның қарсы талаптарын қанағаттандырған еді. Төрелік соттың орны да Париж қаласы болған», - делінген хабарламада.
Осы іс бойынша мемлекет мүддесін қорғауды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүзеге асырды. Консультант ретінде «Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle LLP» заң фирмасы жалданған.