Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері Ақмәди Сарбасов пен Олжас Ордабаев Қазақстанда ең төменгі жалақының неге соншалықты төмен екенін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еңбек күніне арналған форум кулуарында журналистер вице-министрлерге “Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың қазіргі экономикалық жағдайда қазақстандықтарға кемінде 300 мың теңге төлеу туралы ұсынысы қарастырыла ма?” деген сұрақ қойды.
"Мен қазақстандықтардың барлығы 85 мың теңгеге өмір сүруі керек деп айтқан жоқпын. Жоқ, әрине, бұл мемлекет белгілейтін ең төменгі кепілдік деңгейі, жұмыс беруші одан төмен төлей алмайды. Нарықта қызметкердің біліктілігіне, біліміне, іскерлігіне байланысты жалақы жоғары екені түсінікті", - деді ел тұрғындары 85 мың теңгеге өмір сүре алады деген мәлімдемесі үшін сынға іліккен Ордабаев.
Депутат Зайытовтың ұсынысы жөнінде пікір білдірген вице-министр Ордабаев барлық критерийлерді қаржы министрлігімен бірлесіп талқылау қажеттігін айтты.
Тағы бір вице-министр Ақмәди Сарбасов ең төменгі жалақы – біліктілігі, санаты жоқ қарапайым қызметкердің еңбекақысын анықтайтын еңбек стандарты екенін атап өтті.
Сарбасов өзінің жалақысы туралы сұраққа ұзақ уақыт жауап бергісі келмеді, бірақ кейінірек ол барлық мемлекеттік қызметшілерге бірыңғай жалақы жүйесі бойынша еңбекақы төленетінін мәлімдеді.
"Бірыңғай еңбекақы төлеу шеңберінде есептеледі. Қолымызға бір миллион теңгеге дейін ақша аламыз. Менің мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілім – 24 жыл", - деді Ақмәди Сарбасов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қазақстандықтар еңбек министрлігінің 85 мың теңгеге (кітапханашылар айына осындай жалақы алады) өмір сүруге болады деген мәлімдемесіне шүйліккен.
Депутат Ринат Зайытов еңбек вице-министрінің сөздерін сынға алып, қазіргі бағамен есептегенде Қазақстанда ең төменгі айлық 300 мың теңге болуы керегін айтты.