Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасының орынбасары, мәжілістің бұрынғы депутаты Мұхтар Тінікеев Қарағанды облысының кеншілері "АрселорМиттал Теміртау" орнына ресейлік "Северсталь" компаниясының келуін құптамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еңбек күніне арналған форум кулуарында бұрынғы депутат, қазір кәсіподақ жетекшісі Тінікеев кеншілердің "Қазақстан" шахтасындағы ірі өрттен кейін инвестордың ауысуы туралы қауесеттерге көзқарасы туралы айтты.
- Шынымды айтсам, кеншілер сенбейді, олар айына екі рет жалақы алуға дағдыланған, жаңа инвестордың("СеверСталь" – ред.) өзін қалай ұстайтыны белгісіз – ол ешқашан шахталармен жұмыс істемеген. Кеншілерді мазалайтын сұрақ – ол осы сегіз шахтаның жұмысын жалғастыра ма, әлде екеуін қалдырып, қалғанын қысқарта ма?, - дейді Тінікеев.
Сондай-ақ, ол Ресей Федерациясының компаниялары қазір санкцияларға ұшырағанына және ресейліктердің Қарағандыға келуі қазақстандық шахтерлердің өміріне кері әсерін тигізетініне назар аударды.
- Ең бастысы, тағы да қайталап айтамын, бұл инвестордан – АМТ-дан қауіпсіздікке көбірек ақша салуды талап ету керек, - деп қосты Кәсіподақтар федерациясы басшысының орынбасары.
Естеріңізге сала кетейік, 12 тамызда Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасынан өрт шықты. Апта салдарынан бес адам қаза тапты. Қайғылы оқиғадан кейін “АрселорМиттал Теміртаудың” орнына басқа инвестор тарту қажеттілігі туралы мәселе көтере бастады.
Өрттен бірнеше күн өткен соң Лакшми Митталдың Қазақстандағы тағдырына саяси шешім қабылданды деген ақпарат пайда болды. АМТ-ны ресейлік "Северсталь" компаниясы алмастыратыны хабарланды. Алайда, ҚР бірінші вице-премьері Роман Скляр ресейліктермен келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ деп мәлімдеді.