Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде құрылысы аяқталмай жатып қисайып, демонтаж жасалып жатқан LRT бағанының видеосы тарады. Көлік министрі осы жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Біріншіден, ол неден қисайды? Соны айқындап алайық. Мысалы, кез келген соңына дейін салынғанша, яғни ішкі құрамы толық қалпына келтірмей, сол күйі қалып қойған шығар. Екіншіден, ол пайдалануға берілмей тұрып ол бір емес, бірнеше тексеру мен сараптамадан өтеді. Одан өтпей іске қосылмайды. Оны Қазақстан компаниялары ғана емес, шетелдік техникалық бақылау компаниясының өздері тексереді. Оны бір ғана Қазақстан салып жатқан жоқ. Әрине, ең басты мақсат - қауіпсіздік. Сондықтан қауіпсіздік біздің назарымызда болады. Бірақ бір баған қисайды, ертең бәрі жаппай сапасыз салынады деген мәселе емес. Әрине, ол біраз тұрып қалды. Деформация болады. Оның құрамына әсер болады. Соған байланысты қисайған болуы мүмкін”, – деді Марат Қарабаев.
Айта кетейік, LRT жобасын жүзеге асыру 2011 жылы басталғанымен, жаңа тас жол ешқашан салынбаған. Тек баған-мұнаралар бой көтерді. Елордада әкімдер ауысқанымен, жоба үшін ешкім жауапкершілік алғысы келмеді. Соған қарамастан, LRT үшін ақша бөліне берді, ол қазақстандық жемқорлықтың ескерткішіне айналды.
Жыл басында мемлекет басшысы елорданы дамыту жөніндегі жиында LRT жобасына жеке тоқталған.
«LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», – деді Тоқаев.
Ақпанда Астана әкімі LRT-ны келесі жылдың соңына дейін іске қосуға уәде берді.
Ал жуырда LRT құрылыс дирекциясының басшысы Серік Әйтімбетов Астанада LRT-ның іске қосылуы 2025 жылға шегерілгенін мәлімдеген.