×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Тікелей эфирдегі дөрекілігінен кейін басы дауға қалған Щучинск әкімі қызметінен кетті

02.10.2023, 18:01
Тікелей эфирдегі дөрекілігінен кейін басы дауға қалған Щучинск әкімі қызметінен кетті
видеодан кадр

Әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде сұрақ жолдаған жергілікті тұрғындарды "бір жерге" жөнелткен Щучинск қаласының әкімі Олжас Нұрмағамбетов қызметінен кетті, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

“Бурабай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 2 қазандағы шешімі негізінде Бурабай ауданы әкімінің 2023 жылғы 2 қазандағы өкімімен Бурабай ауданы Щучинск қаласының әкімі Нұрмағамбетов Олжас Байболатұлының өкілеттігі тоқтатылды”, – делінген Бурабай аудандық әкімдігінің хабарламасында.

Өкілеттігін тоқтату туралы шешім О.Б.Нұрмағамбетовтың жеке өтініші негізінде қабылданғаны атап өтілді.

Еске салайық, тамызда Щучинск қаласының әкімі Олжас Нұрмағамбетов әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізген. Оны бітіргеннен кейін әкімдік қызметкері эфирді өшіре алмаған. Эфир тоқтатылды деп ойлаған әкім сұрақ қойған журналиске қатысты дөрекі сөз айтады.

Шаһар басшысының өрескел қылығы желіде қызу талқыланды. Бастапқыда халық әкімнің дөрекі сөздері өздеріне бағытталды деп ойлаған. Кейін Олжас Нұрмағамбетов эфир жазбасын жариялап, "бір жерге" барлық тұрғындарды емес, тек желідегі жергілікті парақшалардың бірін жібергенін түсіндірді. Бірақ бұл оған жазадан құтылуға көмектеспеді.

Қызметтік тергеу барысында дәлелдер табылған.

“Ақпарат расталды. Нұрмағамбетовке қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Бүгінгі күні осындай ереже бар: егер қызметкер өзінің бұзушылығын мойындаса, онда тәртіптік кеңесте, әдеп жөніндегі кеңесте қараусыз қалуға болады”, - деген еді Ақмола облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Жанаділова.