Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева күні кеше президент қол қойған "Қоғамдық бақылау туралы" заңның мәнін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрдің сөзінше, заң аясында петиция институты ресми түрде реттеледі. Енді қазақстандықтар арнайы интернет-портал арқылы петиция жібере алады.
“Бүгінде қоғамымызда интернет-платформаларда сенімділік пен қауіпсіздікке кепілдік бермейтін әртүрлі мәселелер бойынша петицияларды ұйымдастыру кең таралуда. Нақты ережелердің болуы қоғамға осы маңызды құралды тиімдірек және тәртіппен пайдалануға мүмкіндік береді. Заң өтініш берудің бірнеше шектерін белгілейді. Аудандық деңгейдегі петицияларды ең аз дегенде 2,5 мың азамат қолдауы керек. Өтініш Үкімет деңгейінде қаралуы үшін 50 мың азаматтың қол қоюы қажет. Өтінішті қарау процесі мүмкіндігінше ашық болады, қажетті қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Соңғы шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы қабылдайды”, – деп жазды Аида Балаева.
Айта кетейік, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, қазақстандықтар енді петиция арқылы шенеуніктердің отставкасын талап ете алмайды.
Сондай-ақ, ақпарат және мәдениет министрлігі жаңа заң аясында тағы қандай мәселелерді петиция арқылы талап етуге болмайтынын түсіндірген. Министрліктің хабарлауынша, Конституциялық құрылым, әкімшілік-аумақтық құрылым, шекара, тіл мәселесі, құқықтық-конституциялық сайлау, референдум, сот жүйесі, прокуратура, арнайы қызметтердің қызметі, мемлекеттік құпиясы бар сұрақтар, президент пен парламент палаталары, үкімет құқығына кіретін лауазымдарды тағайындау және орындарынан алу мәселесі петиция арқылы қарастырылмайды.