×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Қазақстандықтар енді петиция арқылы шенеуніктердің отставкасын талап ете алмайды

21.09.2023, 10:53
Коллаж: Ulysmedia.kz

Бұдан былай ел тұрғындары әкімдер мен министрлердің отставкасын петиция арқылы талап ете алмайтын болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы бүгін Сенат кулуарында Ақпарат және мәдениет вице-министрі Данияр Қадыров мәлім етті. Оның айтуынша, мұндай лауазымдардың тағдырын тек президент пен парламент шешеді.

Қадыровтың сөзінше, қазіргі петиция жариялайтын платформалар ресми емес.

“Заң жобасы қабылданған жағдайда заңмен реттелетін ресми ақпараттық платформа пайда болады. Ол Е-otinish порталында жеке модуль болып белгіленеді. Егер мәселе лауазымға тағайындау немесе босату президент, парламент, сонымен қатар үкіметтің құзыретіне кіретін болса, бұл  мәселе петиция арқылы шешілмейді. Министрлердің отставкасы референдум арқылы да қарастырылмайды. Референдум туралы конституциялық заңда солай көрсетілген. Жергілікті ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы өткенін білесіздер. Қазір аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау басталып жатыр. Президент пен Парламент депутаттарын да халық сайлайтындықтан, олардың келісімімен тағайындалатын үкімет мүшелерінің лауазымға ие болуы да жанама түрде ел азаматтарының таңдау құқығының сақталғанын көрсетеді”, – дейді вице-министр.

Осы орайда тілшіміз шенеуніктен бұл шектеу билікке халықтың үнін жеткізуде кедергі болмай ма деп сұрады.

“Петицияның ең басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқау ісіне араласуы. Халықтың үндеуі шағым емес, ұсыныс ретінде қарастырылады. Ал егер ол ұсыныс заңға қайшы келетін болса, қарастырылмайды”, – деді Данияр Қадыров.

Айта кетейік, бұған дейін алматылықтар қала әкімі Ерболат Досаевты жұмыстан босатуды талап еткен петиция жариялаған.

Сондай-ақ, ел тұрғындары Мусиннің отставкаға кетуін талап еткен петицияға қол қоя бастады.

Серіктес жаңалықтары