Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың жастарға жалға берілген пәтерді «өздеріне берейік» деген ұсынысы қолдау таппады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еске сала кетейік, депутат Дәулет Мұқаев Үкіметке жолдаған депуатттық сауалында жұмысшы жастарға берілген жалдамалы пәтерлер бүгінде басты мәселеге айналғанын айтқан еді. 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 мыңға жуықтаған. Демек, 2019 жылы баспана алған жастардың баспананы босатуына 1 жылдан аз уақыт қалды. «Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары» деген депутат кемі 10%-дық бастапқы жарнамен жастарға өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды сұраған.
Жастардың мәселесін көтерген жас депутаттың ұсынысына үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр жауап берді. Оның сөзінше, бұл бағытта 2023-2025 жылдарға Астана, Алматы Шымкенттің әрқайсысында 3 мың жалға беру пәтерлерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттерден 32,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, басқа өңірлердің жергілікті атқарушы органдары өздерінің дайындығы мен қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жұмыс істейтін жастар үшін жергілікті бюджет есебінен жалға берілетін тұрғын үй салу мәселесі қарастырылған.
«Қолданыстағы тетіктер бойынша жастардың басым көпшілігіне мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде халықтың әлеуметтік осал топтарының басымдығын ескере отырып, осы кезеңде жастардың жалдамалы пәтерлерін сатып алу құқығын беру мерзімінен бұрын деп пайымдаймыз», - дейді жауабында Скляр.