×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жылусыз отырғаннан жақсы – Энергетика министрлігі тарифтердің өсуі жайлы

10.10.2023, 17:12
Жылусыз отырғаннан жақсы – Энергетика министрлігі тарифтердің өсуі жайлы
Коллаж: Ulysmedia.kz

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов 10 қазандағы жағдай бойынша елдегі жылу электр орталықтары жылыту маусымына 100% дайын екенін мәлімдеді. Бұл ретте ол Қазақстан жылудың сапасыздығы үшін төмен тарифтер тәжірибесінен бас тартып, нарықтық бағаларға көшетінін атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Энергетика министрлігінде өткен брифинг барысында ол өңірлердегі жекелеген жағдайларға қарамастан, қазір елдегі барлық ЖЭО қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын айтты.

"Қандай да бір күйреу болып жатыр, жылыту жүйелерінде проблемалар бар деп айту… әлі қыс басталған жоқ, мен мұнымен келісе алмаймын. Менің ойымша, қыс мезгіліне дайындық бұрынғыдан әлдеқайда жақсы өтті және бәрі қалыпты жағдайда жұмыс істеуі керек", – деді вице-министр.

Сондай-ақ, журналистер одан жылу тапшылығы бар аймақтар туралы сұрады. Нұрмағанбетов биылғы жылы еліміздің бірде-бір өңірінде жылу тапшылығы жоқ екенін атап өтті. 

"Біз мұның бәрі ақшаға келіп тірелетінін түсініп келеміз. Биыл бюджеттің  көп қаржысы жылу желілеріне жұмсалды. Соңғы жылдары төмен тарифті сақтау үшін жылу бағасынан инвестициялық компонентті алып тастадық. Нәтижесінде төмен тариф бойынша төлеп, жылусыз отырғаннан гөрі әділ тариф бойынша лайықты жылуға қол жеткізген жақсырақ екеніне көз жетті,", - деп қосты ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Энергетика министрлігі ел қалаларына жылу беру кестесін жариялаған. 2 қазанда Астана қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылыту маусымы басталды.

Сондай-ақ, министрлік Қазақстанның 4 қаласында тұрғындарға жылу уақтылы берілмеуі мүмкін екенін ескертті.