×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Стати ісін Қазақстан неғұрлым ұзаққа созғысы келгені рас па – Есқараев жоққа шығармады

16.10.2023, 12:22
Коллаж: ulysmedia.kz.

Жылына миллион долларлап Қазақстан бюджетінің ақшасы әйгілі Стати ісіне жұмсалып жатыр. Бұл шығын өзін қаншалықты ақтайды? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі Әділет министрі Азамат Есқараевқа қойды.

Кәсіпкер Статимен Қазақстанның Әділет министрлігі соттасып жүргеніне 12 жылдан асты. Жақында шетелдік кәсіпкердің өзі Қазақстан осы дау үшін шығындаған ақшасы «1 млрд долларды құрады, ал шын мәнінде шығынды біз талап еткен 560 млн доллармен тындыруы керек еді» деген болатын. Жыл сайын Қазақстан тарапы шетелдік адвокаттарды жалдау үшін Қазақстан халқының қалтасынан салық ретінде шыққан 60 млн долларды шығындайды деген де ақпарат бар.

– Қазақстанның бір тиын әлі ешкім өндіріп алған жоқ. Сол себепті Стати тарапынан айтылған ақпаратты мен растамаймын. Теріс шығарам. Жаңа сіз айтып жатқан сома – біздің бюджетте жыл сайын бюджет туралы заңда ашық түрде көрсетілетін сома. Иә, расында да бұл мәселе созылып кетті. Оны мойындау керек. 12 жылдан астам уақыт өтті. Арбитражда Қазақстан уақытын да жоғалтып жатыр, ақша да шығып жатыр. Бірақ біз өзіміздің жұмыстарымызды жалғастырып, сәйкес нақты нәтижеге жетуіміз керек, – деді Әділет министрі Қазпатент ғимаратында өткізген баспасөз мәслихатында.

Азамат Есқараев Стати ісі бойынша 12 жыл ішінде Қазақстан бюджетінен қанша қаражат шыққанын нақты айта алмады. 

– Ондай нақты соманы айта алмаймын. Себебі ол жыл сайын бюджетте жазылады. Ол ашық түрде Парламент қабылдайтын бюджет, – дейді министр.

Ал “бұл іс аяқталуы мүмкін бе?” деген сұраққа Азамат Есқараев Қазақстан тарапы бұл мәселені неғұрлым тезірек шешуге мүдделі екенін атап өтеді.“Компромиске келулеріңіз мүмкін бе?” деген сұраққа Есқараев “заңды түрде қудалауға бел будық” деп жауап берді.

“Нақты мерзімінде шешуге дайынбыз. Заңды қудалау болсын, басқасы болсын. Әйтеуір, созуға ешқандай ойымыз жоқ”, – дейді ол.

Кейбір сарапшылар Стати ісін Қазақстан тарапынан жүргізіп отырған топ оның неғұрлым ұзақ созылуына мүдделі деген пікір айтып жүр. Өйткені ол жерден адвокаттарға ақша төленіп жатыр, бюджеттен ақша бөлінеді. Яғни, Стати ісі неғұрлым көбірек жүрсе, іс жүргізуші топ соғұрлым пайдаға кенеледі деген пайым бар.

“Тіпті осы мүдделі топтың қатарында бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың да аты аталады. Сіз министр болып келгеннен бері Стати ісін осы тұрғыдан зерделедіңіздер ме? Істі қолдан созу дерегін кездестірмедіңіз бе?», - деп сұрады баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі.

Министр әуелі өзінің істі созуға ешқандай мүдделі емес екенін айтты.

– Әрине, менің алдымда істеген адамдардың жұмысына баға бере алмаймын. Ал бірақ осы мәселе бойынша өзімнің ішкі ұстанымымды айтайын. Бұл мәселені  әрі қарай созбалауға ешқандай ынтамыз да жоқ, ниетіміз де жоқ. Елге де бұл сұрақтың қажеті жоқ.  Сондықтан егер біздің әріптестеріміз халықаралық құқықтық деңгейде көмек көрсетіп, іске асырып жатқан шаралар оң нәтижесін беріп жатса, бұл мәселені  тез шешуге дайынбыз, - деді министр.

Азамат Есқараев Стати ісінің ұзаққа созылуына байланысты кейбір деректер құпияға жататынын мәлім етті.

– Істі қолдан созу деректері туралы сізге былай айтайын. Сәйкес ақпараттар бізде бар. Бірақ мен ол ақпаратты сізге айта алмаймын. Өйткені жұмыс бабына байланысты, - деді Әділет министрі.

Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Әділет министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ Нидерланды Жоғарғы сотында сомасы 4 млрд АҚШ долларына тең KMG Kashagan B.V.-дағы акцияларына байланысты Анатол Стати, Габриэль Стати, Ascom S. A. және Terra Raf Trans Trading Ltd (Стати) қарсы іс жүргізуде түпкілікті жеңіске жеткенін хабарлаған еді. Әділет министрлігінің мәліметінше, 2023 жылғы 22 қыркүйекте Жоғарғы сот Статидің бұл шешімге шағымын қабылдамаған. Бұл акциялар әдеттегі халықаралық құқыққа сәйкес орындалудан иммунитетке ие болғанын растаған.

Серіктес жаңалықтары