АҚШ президенті Джо Байден 18 қазанда Израильге барады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби Джо Байден өзінің сапары арқылы АҚШ-тың Израильмен ынтымақтастығын көрсететінін мәлімдеді.
Сонымен қатар Америка президенті гуманитарлық көмекті Газа секторына ХАМАС пайда көре алмайтындай етіп жеткізу жолдарын талқылауға ниетті.
Израильден кейін Байден Иордания астанасына барады. Амманда ол Иордания Королі Абдулла II, Египет президенті Абдель Фаттах Сиси және Палестина автономиясының президенті Махмуд Аббаспен келіссөздер жүргізеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, бұдан бұрын ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингте Газа секторындағы қазақстандықтар туралы мәлімет берді.
Ресми өкілдің сөзінше, жергілікті билікпен, отандастарымызбен олардың отбасы мүшелерін Газа секторынан Египеттегі Рафах өткізу пункті арқылы шығару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазақстанның 67 азаматы, олардың отбасы мүшелерін қосқанда 100-ден астам адам қауіпті аймақта қалып отыр.