×
494.66
581.87
6.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.66
581.87
6.43

Сенген қойым сен болсаң: Мақсат Дүйсенов неміс түрмесінен қалай босады?

Бүгін, 10:35
Сенген қойым сен болсаң: Мақсат Дүйсенов неміс түрмесінен қалай босады?
Ulysmedia.kz коллажы

Көшуді ойлаған кез келген адам, алдымен, баратын жерінің жай-жапсарын зерттеп, зерделейді. Ол басқа ел болса, онда жөні тіпті бөлек. Мысалы, Германияға қоныс аударуды алайық. Сайттан қарап, пікірлерді оқисың, әйтеуір бірден тартып кетпейтінің анық. Егер оқу, емделу немесе туыстармен қауышу сияқты нақты себеп болмаса, көп жағдайда бұл ойдан бас тартамыз. Себебі бұл еуропалық елде шетелден келгендерге талап өте қатаң: елде қалуға рұқсат бермес бұрын бүкіл өмірбаяныңды жіті тексереді. Ал егер өткен жолыңда қылмыстық бап бойынша соттылығың болса, уақытыңды босқа кетірмей-ақ қоюға болады, себебі бәрібір бас тартады. Алайда түсініксіз бір себептермен Қазақстан азаматы Мақсат Дүйсенов бұл көші-қон сүзгісінен еш кедергісіз өткен.

Оның ұсталып, тіпті Нюрнберг түрмесіне қамалғаны туралы біз өткен жылдың қыркүйек айында жазғанбыз. Ол кезде Қазақстанның Бас прокуратурасы бұл ақпаратты растаумен қатар, Дүйсеновтің халықаралық іздеуде жүргенін де хабарлаған еді. Бірақ арада жарты жыл өткен соң, бұрынғы көлік прокурорының ісінен неміс тарапы еш заңсыздық көрмеген сияқты, әлде біз естіп өскен «немістер заңды қатты құрметтейді» деген сөздің бос сөз болғаны ма?

Қазақстан бұл жағдайда толықтай жеңіліс тапты деуге келмес, алайда Дүйсеновті елге экстрадициялау талпыныстары әзірге нәтижесіз болып отыр. Оның үстіне, біздің мәліметімізше, бұрынғы прокурор қазір бостандықта. Дегенмен Ulysmedia.kz-тің кезекті сауалына Қазақстанның Бас прокуратурасы Германия тарапы Дүйсенов М.К.-ны экстрадициялау туралы өтінішті қараудың нәтижелері жөнінде өздеріне ешқандай ақпарат түспегенін мәлімдеді.

Еске салайық, Мақсат Дүйсенов Германия түрмесіне түскеннен кейін саяси баспана сұраған. Бұрын прокурор болған адам үшін бұл қисынды қадам. Оның үстіне Қазақстанда тергеу қалай жүргізілетінін де ол жақсы біледі. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Германия экстрадициядан бас тартуы мүмкін, себебі Дүйсенов ісінде азаптау қолданылуы ықтимал деген қауіп пен істің саяси астары бар деген күдік болған. Сонымен қатар құқық қорғаушылар Дүйсенов прокурор болып қызмет еткен кезде, оның келісімімен қол астындағылар ұсталған адамдардан мойындату жауабын алу үшін күш қолданғанын, тіпті қарумен қорқытқанын еске салған. Бұл жайттарды бүгінде сол азапты бір адамдай тартқан азаматтардың өзі ашық айтып жүр.

Осы тұста неміс тарапының позициясы түсініксіз болып тұр. Қылмыс жасап, елден қашқан азаматқа қалайша елде қалуға рұқсат береді? Неліктен Германия экстрадиция жасағысы келмейді? Адам халықаралық іздеуде, бірақ ол бостандықта жүр. Еуропадағы ең мықты құқықтық жүйелердің бірінде осылай болып жатса, басқаға не жорық? Ulysmedia.kz редакциясы бұл оқиға әрі қарай қалай өрбитінін үнемі бақылап отырады.

Айтпақшы, Қазақстаннан Германияға қалай көшуге болады?

Қысқаша айтқанда, Қазақстаннан Германияға қоныс аударудың негізгі жолдары мыналар:

  • Германияның жоғары оқу орнына түсіп, қаржылық мүмкіндігіңіз бен тіл білетініңізді растау арқылы оқуға баруға болады;
  • егер жұмыс берушімен келісімшарт және ЕО-ның «көк картасы» болса, жұмысқа орналасу;
  • жақын туыстарыңыз Германияда заңды түрде тұрып жатса, отбасы мүшесі ретінде баруға болады;
  • егер Германия тарапынан қызығушылық болып, сізде жеткілікті капитал болса, бизнес жүргізу үшін барып, тұруға болады;
  • гуманитарлық негіздер де бар, бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі және аса мұқият тексеріледі.

Көп жағдайда Германия үміткердің биографиясы мен географиясына жіті назар аударады. Ал соттылық немесе іздеуде жүру үміткердің мүмкіндігін төмендететін басты факторлар. Әдетте солай. Бірақ көріп отырғанымыздай, Германияда да ережеден тыс жағдайлар кездеседі екен. Сондықтан Дүйсеновтің оқиғасында таңғалдырғаны – экстрадиция жасалмауы ғана емес, іздеуде жүрген адамның мұндай мәселелерге әдетте ешқандай аяушылық танытпайтын елде бостандықта қалуы.

Серіктес жаңалықтары