×
501.75
591.96
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
501.75
591.96
6.52

Күкірттен от шығады немесе Қашағандағы инвестор мен мемлекет арасындағы экологиялық дау қай фазада?

Бүгін, 11:10
Күкірттен от шығады немесе Қашағандағы инвестор мен мемлекет арасындағы экологиялық дау қай фазада?
Ulysmedia.kz коллажы

Қандай да бір елдің үкіметі мен шетелдік инвесторлар арасында түрлі деңгейде дау-дамай болып жатады. Ол ешкімге таңсық емес. Корпоративтік әлемде бұл қалыпты құбылыс саналады. Алайда осындай даулардың соңы дауласушы тараптың біріне үлкен қаржылық, репутациялық нұқсан келтіруі мүмкін. Соңғы уақытта болып жатқан сондай даудың бірі Қазақстанда мұнай өндірумен айналысатын шетелдік инвестор мен ел үкіметі арасындағы  дау. Әңгіме Қашаған кен орнында күкіртті сақтағаны үшін салынған 2,3 трлн теңге көлеміндегі айыппұл туралы. Мұнай өндіру қалдықтарын кәдеге жарату мәселесі бойынша дау туындап, мемлекет пен трансұлттық корпорация соттасуда. Жобаның операторы NCOC бұл соманы төлемейтінін ашық білдіріп, халықаралық арбитражға жүгінуге дайын екенін мәлімдеді. Ал қазақстандық соттар әзірге жіби қоймайтынын білдірді. Ulysmedia.kz оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін бақылап отыр.

Мемлекет нені талап етті?

Айыппұл 2023 жылы Қашағандағы жоғары күкіртті мұнай өндіру барысында түзілетін күкіртті сақтау талаптарын бұзғаны үшін салынған. Желтоқсан айында Астананың мамандандырылған әкімшілік соты оператордың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, айыппұлды күшінде қалдырды, бірақ одан әрі шағымдану мүмкіндігі барын айтты. Осыдан кейін NCOC халықаралық инвестициялық келісімдерге және «инвесторлар үшін әділ әрі тең режим» қағидатына сүйене отырып, арбитраждық талқылауға жүгінетінін ресми түрде мәлімдеді. Бұл туралы Upstream салалық ресурсы хабарлады.

Күкірт күле қарайтын дүние емес

Күкірт өз алдына ең уытты қалдықтардың қатарына жатпайды. Алайда мәселе оның химиялық құрамында емес, сақтау көлемі мен уақытына байланысты. Ұзақ уақыт бойы бір жерде үйіліп тұрған кезде атмосфераға күкіртті қосылыстар бөлініп, күкірт шаңы түзіледі. Ғылыми тұрғыда дәлелденгендей, бұл өңір тұрғындарының денсаулығына зиян. Сонымен қатар күкірт тотығу барысында топырақтың қышқылдануын күшейтіп, оның химиялық құрамын өзгертетін қосылыстар түзеді.

Каспий – экологиялық тұрғыдан сезімтал аймақ

Қашаған кен орны Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан. Бұл аймақ өңірдегі ең сезімтал экожүйелердің бірі. Теңіздің бұл тұсы таяз болғандықтан, ластануға бейім. Ал ол өз кезегінде теңізде тіршілік ететін фаунаға тікелей әсер етеді. Каспий итбалығының жаппай қырылып жатқанына қазір таңқалуды қойдық. Жануарлардың өлекселері жағалауға мезгіл-мезгіл шығып қалып жатса да, өз ажалынан өлген ғой деп қорытынды жасатып, елді алдаймыз.  Экологтар мұнай өндірісінің кез келген қалдығы бір реттік емес, ұзақ мерзімді қысым факторы екенін алға тартады. Қауіп дәл осы кешенді әсерде жатыр. Қашаған – әлемдегі технологиялық тұрғыдан ең күрделі жобалардың бірі. Мұнай құрамындағы күкірттің үлесі жоғары, ол оны өзге мұнай кен орындарымен салыстырғанда экологиялық тұрғыдан әлдеқайда қатерлі етеді.

Ақша, инвестиция және қысым

Бұл қақтығыс әлдеқашан экология шеңберінен шығып кетті. Сот процестерімен қатар NCOC акционерлері өндіруді кеңейтуді көздейтін 2А кезеңі бойынша түпкілікті инвестициялық шешімді тек газ өңдеу зауытының жобалануы аяқталғаннан кейін ғана қабылдай алатынын хабарлады. Бұл жобаға QazaqGaz және Катардың UCC Holding компаниялары қатысып отыр. Сонымен бірге оператор өз үлесі бойынша EPC-мердігерлер мен құбыр жеткізушілеріне 1,24 млрд доллар төлеуге дайын екенін мәлімдеді.

Алайда ақпан айында Shell компаниясының бас директоры Ваэль Саван халықаралық арбитраждар арқылы соттасу жағдайында Қазақстандағы жаңа инвестициялар тоқтатылуы мүмкін екенін айтып, ашық ескерту жасады.

Күкіртті неге бұрын байқамады?

2,3 трлн теңгелік экологиялық айыппұл кездейсоқтық та, жаңсақтық та емес, бұл Қашаған акционерлерінің шешім қабылдауды жылдар бойы созуының нәтижесі, деп түсіндірді Ulysmedia.kz-ке Energy Monitor қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов. Күкіртті сақтау және тасымалдау мәселесі 2017 жылдан бері талқыланып келеді. Акционерлер жаңа Экологиялық кодекс күшіне енген соң айыппұлдардың өсетінін білген, алайда нақты қадамдар жасалмаған, күкіртті әкету экономикалық тұрғыдан тиімсіз болған. Осылайша өңірдің экологиялық тәуекелдері екінші кезекке ысырылған.

– Төрт-бес жыл хат алмасу болды, бірақ бірде-бір нақты шешім қабылданған жоқ. Бұл әдейі созбалаңға салу емес пе деген сұрақ туындайды, – дейді Жұмағұлов. 

Оның айтуынша, айыппұл акционерлер үшін аса ауыр соққы емес: олар жоба табысының 94 пайызына дейін (жылына шамамен 10 млрд доллар) алады, ал Қазақстанның үлесі небәрі 6 пайыз шамасында. Бұл тұрғыда айыппұл – жылдық ақша ағымының бір бөлігі ғана. Жұмағұлов Батыс елдерінде экологиялық проблемаларды жасыру көбіне айыппұлмен емес, қылмыстық жауапкершілікпен аяқталатынын да атап өтті.

Экология ма, инвестициялық климат па?

Осылайша күкіртке қатысты дау Қазақстанның экологиялық мүдделерін қорғай алу қабілетін, табиғи ресурстарды бақылауда ұстау құқығын сақтай отырып, инвестициялық тартымдылығын жоғалтпау сынағына айналды. Мұнай өндіру көлемі артып жатқан жағдайда бұл Каспий үшін тіршілікті сақтау, тірі қалу мәселесі. Сондықтан бұл қақтығыс бір мезетте саяси, экономикалық және экологиялық сипат алып отыр. Оның нәтижесі Қазақстанның даму мен табиғатты сақтау арасындағы тепе-теңдік үшін қандай құн төлеуге дайын екенін көрсетеді.

Экология капиталға қарсы ма?

Сірә, Қазақстанды ұзақ әрі күрделі құқықтық текетірес күтіп тұрған сыңайлы. Инвестицияны тоқтатуға қатысты астарлы емеуріндер болашақ капиталмен шантаж жасауды еске салады. Бұл жаңа тәсіл емес, бірақ ол елдің ұлттық мүддені қорғай алу қабілетін және ірі инвесторлардың қысымына төтеп бере алу мүмкіндігін сынайды. Қазақстан жер қойнауын пайдалану, табыс табу қоршаған ортаны қорлау арқылы жасалмайтынын дәлелдеуі тиіс.

Мен экология министрлігінде жұмыс істедім және өнеркәсіптік мүдделер мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы ымыралардың іс жүзінде қалай іске асатынын жақсы білемін. Сондықтан экология – экономиканың аяғына тұсау емес, оның іргетасы деп нақты айта аламын. Инвестор елге кірген кезде тек салық режимін немесе келісімшарт талаптарын ғана емес, экологиялық талаптарды да сақтаймын деп уәде береді. Олар «кенеттен» пайда болмайды және қысым құралы емес, бұл мемлекеттің өз аумағын, азаматтарын және экожүйелерін қорғауға арналған дербес құқығының бір бөлігі.

Егер сот шешімдері сауданың немесе шантаждың нысанына айналса, онда бұл серіктестік емес, ережелер тек бір тараптың пайдасына жұмыс істейтін қатынасқа айналады. Қазақстан ондаған жылдық шикізаттық экономика үшін тым қымбат құн төледі. Бүгін сол қателіктерді қайталауға болмайды. Экологиялық талаптар – жауапкершіліктің ең төменгі шегі ғана. Ал егер ірі халықаралық компаниялар ESG, тұрақты даму және «жасыл» стандарттарға адалмыз десе, онда экологиялық талаптарды қабылдау шантажға себеп болмауы тиіс.

Серіктес жаңалықтары