×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Переводпен» ақша жібере бермеңіз: 2024 жылы мобильді аударым бақылауға алынады

23.12.2023, 10:23
Коллаж: ulysmedia.kz.

2024 жылы қазақстандықтарды қаржы және салық саласында көптеген өзгеріс күтіп тұр. Ең көп талқыланатыны – жалпыға ортақ декларация мен мобильді аударымдар. Естеріңізге сала кетейік, 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілері мемлекетке табысы туралы есеп (декларация) беруі керек. Бірақ қазақстандықтарды бәрінен бұрын ел үкіметінің жаңа жылдық сыйы – мобильді төлемдер мен аударымдарды бақылауға алатыны алаңдатып отыр. 

2024 жылы қолма-қол ақшасыз төлем жүйесі не болады? Ulysmedia.kz тілшісі мобильді аударымдар кімдер үшін «қауіпсіз» және басқа төлем әдістері туралы кімдер ойлануы керектігін зерттеді. 

Заңнамаға енгізілетін өзгерістер

2019 жылы ҚР-дағы ең танымал банктердің бірі мобильді қосымша немесе QR коды арқылы пайдаланушыдан келесі пайдаланушыға ақшаны лезде аударуға мүмкіндік беретін жаңа төлем жүйесін іске қосты. Қазақстандықтар жаңа жүйенің ыңғайлылығын бірден бағалап, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға толықтай дерлік көшті. Енді кез келген дерлік дүкенде, сұлулық салонында немесе көкөніс дүкендерінде сіз алған тауарыңызды мобильді аударым арқылы төлей аласыз. Бірақ бір нәрсені ұмытпау керек, бұл – заңсыз әрекет. 

Атымның сыры өзіме мәлім дегендей, біздегі «әдет» белгілі ғой, мемлекеттік аппарат ілгерілеушілікке ілесе алмады.  Салық кодексінде «ұялы төлем» түсінігі 2021 жылдың соңында ғана пайда болды, ал түзетулер одан кейін, 2022 жылдың наурызында күшіне енді.   «Ұялы төлем» термині QR кодын пайдалана отырып, мобильді қосымша немесе банктің POS терминалы арқылы қабылданған қолма-қол ақшасыз төлемді білдіреді. 

Мұнда айырмашылықты түсіну өте маңызды: мобильді төлем - бұл жеке тұлғаның шотынан кәсіпкерлік қызмет үшін ашылған шотқа ақша аудару; ал мобильді аударым – бұл жеке тұлғаның шотынан екінші жеке тұлғаның  шотына жасалатын операция. 

Жеке шотына аударым арқылы төлем алған кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару үшін мемлекеттен кірістерін жасыруы мүмкін. Сондықтан, заңға сәйкес, мобильді аударымдарды тек жеке мақсатта пайдалануға болады және бұл жолмен көрсетілген тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді қабылдауға тыйым салынады. Кәсіпкер тұтынушыға кем дегенде фискалдық түбіртек беруі керек. 

Егер сіз мобильді аударым арқылы бір зат  үшін төлесеңіз, сіздің қаражатыңыз мемлекеттік кірістер комитетінің назарынан тыс қалып, соның арқасында кәсіпкер салықтан жалтарады. Өйткені кәсіпкерлер қолма-қол ақшасыз төлемдерді тек терминал (карта, QR коды) немесе қосымшада арнайы берілген шот-фактура арқылы ресми түрде қабылдай алады. 

Одан кейін не болады?

Заңға түзетулер енгізу – жұмыстың жартысы ғана, біз заң талаптарының сақталуын әрі орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Сол себепті мемлекеттік кірістер органдарына екінші деңгейлі банктерде жүргізілген мобильді аударымдар туралы ақпаратты көруге, сол бойынша шара қабылдауға рұқсат беріліп отыр. Бірақ халықты шулатпау және мемлекеттік органдар жұмысына ауырпалық салмау үшін кірістер комитетіне банктердегі мәліметтерге кезең-кезеңімен қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы шешім қабылданған.  

    Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдар туралы ақпаратты ұсыну кезеңдерін еске салады: 

  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік қызметшілерге, оларға теңестірілген тұлғаларға және олардың жұбайларына (2022 жылдың қорытындысы бойынша);
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлеріне және олардың жұбайларына (2023 жылдың қорытындысы бойынша);
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары үшін (2024 жылдың қорытындысы бойынша);
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – халықтың қалған бөлігі үшін (2025 жылдың қорытындысы бойынша).
  •     

«Егер азаматтың жеке банктік шотына қатарынан үш ай және ай сайын әртүрлі тұлғадан 100-ден астам аударым келіп түссе, бұл жеке тұлғаның кәсіпкерлікпен айналысатынына дәлел және ол кәсіпкерлік белсенділік белгілерін анықтау критерийі болып табылады», - деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Бірақ таяуда ғана қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәжілісте бұл критерийлердің шартты екенін және Қаржы министрлігі оларды әлі де реттей алатынын айтты. Ол қашан реттеледі, халықтың қазіргі уайымы осы болып тұр. 

Солай істеуге бола ма, болмай ма?

Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған ақпараттан мынадай қорытынды жасауға болады: мемлекеттік органдар өткен жылы жүргізілген мобильді аударымдар бойынша мәліметтерді алады. Яғни, 2024 жылы салық органдары жеке тұлғаның 2023 жылы алған аударымдарына талдау жасайды.

Осылайша мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларының шоттарына түскен мобильді аударымдар туралы банк ұсынған мәліметтер Мемлекеттік кірістер комитетіне түсіп, талдау жүргізілді; енді 2024 жылы Салық қызметі  мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметкерлерінің шоттарынан мәліметтер алады; бірақ жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың басшылары болып табылатын азаматтардың деректері мемлекеттік органдарға келер жылы емес, тек 2025 жылы ғана түседі. Сондықтан мобильді аударымдарды пайдалана отырып төлемдерді қабылдайтын кәсіпкерлер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұны тоқтатуы керек. Әйтпесе, кәсіпкер ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке немесе заңды қайталап бұзған жағдайда айыппұл арқалауы мүмкін. Айыппұл мөлшері салық төлеушінің субъективтілігіне байланысты 15-тен 50 АЕК-ке дейін болады (Айта кетейік, елімізде 2024 жылы 1 АЕК 3692 теңге деп бекітілген. – Ред.). 

Бұл ретте Мемлекеттік кірістер комитеті аталған өзгерістер «адал салық төлеушілерге қатысы жоқтығын және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанын» атап өтті. Келер жылдан бастап барлық кәсіпкер декларация тапсыруы қажет болатынын ескерсек, Қазақстанда енді салықтан жалтару әлдеқайда қиындай түседі.

Серіктес жаңалықтары